Бүгін: 12.03.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ешкімнің ала жібін аттамаған, өзінің адал еңбегімен ортасында абыройлы Тоқмағамбетов Бөлтірік Зарутайұлы  43 жылдан артық темір тұлпарды тізгіндеп келеді. Саран қаласы әкімдігі қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Саранкоммунсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорында жұмыс істеп жүргеніне де 16 жылдан асты.

Бөлтірік Зарутайұлы –  көп балалы отбасыдан шыққан Нұра ауданының тумасы. Өзі дәнекерлеуші, өзі механизатор, өзі токарь, әрі слесарь. Маңдай термен тапқан нанның дәмі тәтті болатынын  жастайынан білетін еңбекқор адам.

- Мен Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Завьяловка ауылында дүниеге келдім. Кейін отбасымызбен Кертінді (бұрынғы Казгородок) ауылына көшіп бардық. Онда сегіз класс бітіріп, Черниевкадағы №105 орта кәсіптік-техникалық училищеге түстім, сонда трактордың, шопырдың оқуын оқыдым,- деп Бөлтірік Зарутайұлы бізбен жастық шағындағы естеліктерімен бөлісті.

Оқуын сәтті оқып, екі жыл әскерде, Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін ауылына қайта оралып, жұмысқа атбасын бұрған. Тракторда істеген, комбайнда егін шапқан. Үйленіп, іргесі берік отбасын құрды. Оның айтуы бойынша, 2003 жылға дейін ауылда істеп, балалары оқуға түскеннен кейін олардың қасына келген. 2009 жылы «Саранкоммунсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына жұмысқа орналасқан.

- Біздің уақытта ата-анамыз «Оқы» деп жиі айтатын. Өзіміздің тұқымда барлығымызды техникаға тартатын. Өзім де соған қызықтым. Саранға келгелі  «Саранкоммунсервисте» жұмыс істеп келемін. Шүкір, жұмысым жақсы. Маған мотивация береді.  Өзім талпынып тұрамын. Әріптестеріммен ұйымшылмыз. Бір-бірімізге көмектесеміз. Ал біздің жұмыс күніміз таңертең ерте басталады. Бір жерге шықпас бұрын ең алдымен техниканы қараймыз. Дайындаймыз, содан кейін ғана объектілерге кетеміз. Сегіз болмай жұмыста отырамыз, - дейді Бөлтірік Зарутайұлы.

Тіпті, тәулік бойы жұмыста өткізген күндері де аз емес. Жұмысқа еті үйреніп кеткені соншалық, қазірдің өзінде жұмыссыз отыра алмайды. Әрдайым қозғалыста, ізденісте жүреді. Жазда сәті түсіп жатса балық аулағанды ермек етеді. Алайда бос уақытын отбасына арнағанды құба-құп көреді. Жары Тоқмағамбетова Гүлнар Жұмабекқызымен бірге шаңырақ көтергендеріне 40 жылдай уақыт өткен. Ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бүгінде 12 немере сүйіп отыр.

- Ұлым – шахтер, үлкен қызым есеп-қисап жақта, кіші қызым балабақшада істейді. Мен үшін немерелерімді көрсем сол өмірдің мәні. Немерелерімді көрмесем үйде отыра алмаймын. Күнде болсын, кешке жақын балаларыма хабарласамын. Қал-жағдайларын, денсаулықтарын сұрап тұрамын. Керек болса өзім жолда соғып кетемін. Үлкен қызымның балалары ғана алыста, оларға жиі бара алмаймын. Алайда барлығын бірдей жақсы көремін. Осы балаларымыз үшін, немерелеріміз үшін өмір сүреміз, - дейді айрандай ұйыған отбасының отағасы.

Бөлтірік Зарутайұлы авариялық жағдайлардағы ақаулықтарды жойып қана қоймай, жөндеу жұмыстарын жүргізгенде инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы халықты ақпараттандырып тұрады. Тек хабарлап қана қоймай, келіп-түскен хаттарға, пікірлерге де жауап беріп, сақтық шараларын сақтауға шақырады. Көлік учаскесінде экскаваторщик ретінде қаланың әр бұрышын жақсы танитын жандардың бірі десек те қателеспейміз. Себебі жұмыстың ауқымына қарамастан әрдайым басы-қасынан табылады. Адал еңбегімен абыройға бөленіп,  өзінің жауапкершілігімен, әрі өте еңбекқорлығымен әрдайым сыйлы.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА