Бүгін: 15.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ол елдің тыныштығы үшін соғысқа аттанды. 1941-1945 жылдарды басынан өткерді. Қан шайқаста, ұрыстардың басында жүрді. Қара бұлтты сейілтіп, күн шуағын сыйлаған Ұлы Отан соғысының ардагері Қапбас Канафиннің батырлығы  – бүгінде ел есінде.

Канафин Қапбас - 1919 жылы 3 наурызда Егіндібұлақ ауданы Қаратау совхозында дүниеге келген. 1939 жылы Қарағанды облысы Қу ауданының Егіндібұлақ селосындағы орта мектепті бітірді. 1940 жылы әскер қатарына алынды. Аға сержант ретінде отты жылдарда ерлікпен күресті.

1941-1945 жылдар – адам баласының басына түскен ең ауыр уақыт. Арада қанша жыл өтсе де, қан майданда «Бәрі жеңіс үшін, бәрі майдан үшін» деп алға қарай ұмтылған қаһармандық пен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ардагер «За оборону Москвы», «За взятие Кенигсберга», «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 30 жылдығы», «Кеңес Одағы Қарулы Күштеріне 60 жыл», «Еңбек ардагері» медальдерімен, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған.

 Канафин Қапбас бейбіт өмірде 1949-1951 жылдары КП ҚУ аудандық комитеті жанындағы партия мектебін бітірді. 1958 жылы Қарағанды облыстық Кеңестік атқару комитетінің жанындағы ауылдық, селолық және поселкелік Кеңестік атқару комитетінің төрағалары мен хатшыларын дайындайтын 4 айлық курсты өте жақсы деген бағамен оқып шыққан. 1946-1956 жылдар аралығында Егіндібұлақ орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасаған. 1956-1962 жылдар аралығында Сартау селолық кеңесінің «30 жылдық» колхозында жұмысшылар комитетінің  төрағасы болды. 1962 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Абай орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп, 1979 жылы зейнеткерлікке шыққан. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, оның денсаулығына, әрине, кесірін тигізбей қоймады, 1984 жылы небәрі 65 жасына қараған шағында өмірден озды.

Ұлы Отан соғысының ардагері көзден кеткенімен жақындарының жүрегінен кеткен емес. Бүгінде оның артында құран бағыштап, ел амандығы үшін, ашық аспан мен бейбіт өмірді сыйлаған абзал аталарын еске алатын 16 немересі мен 25 шөбересі бар.  Оның ерлігі, көрсеткен батырлығы ешқашан өшпес. Ұрпақ жадында мәңгі сақталар.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА