Бүгін: 15.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда Отан қорғаушы күнінде Саран қаласының әкім кубогіне арналған қазақ күресінен 2013-2014 және 2015-2016 жылы туған кіші жасөспірімдер мен қыздар арасындағы қалалық ашық біріншілігі өтті.

Салауатты өмір салтын, қазақ күресін насихаттау мақсатында өткен спорттық додаға Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр, қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев, спорт орталығының директоры Дидар Нықаш қатысты. Мықтылар бәсекесінде Қарағанды, Ұлытау облыстарынан, Астана, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Абай, Шахан, Қаражал қалаларынан, Жаңаарқа, Өспен, Қарқаралы, Шет аудандарынан, Ағадыр, Жарық кенттерімен қатар Саран қаласының балуандары да өз күштерін сынаған. Он үш салмақ дәрежесі бойынша 200-ден аса қатысушы боз кілемге шығып, жеңісті оңайлықпен бермеген.

- Қазір қазақ күресі жақсы дамып жатыр. Қатысушылар саны өте көп. Жарыс жоғары деңгейде өтті.  Бас төреші – Балқаш қаласынан болды, - деп атап өтті қазақ күресінің аға жаттықтырушысы Диас Қуат.

Қазақ күресі - жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең диапазонды қимыл-қозғалысымен қызықты. Оның бір ерекшелігі  - адамның көңіл-қуанышын арттыратын, қанын қыздырып, ерлікке, елдікке баулитын қасиетінің болуында. Бұл жарыс жас таланттар мен жаңа есімдердің шығуымен, жарқын сәттерімен есте қалады деген ойдамыз.

Саран қаласы бойынша 6 бала 1-орынды, 2 балуан 2-орынды және 4 қатысушы жүлделі 3-орынды иеленді.

Жеңіс тұғырынан көрінген жас балуандарды, жүлделі орындарға ие болғандар мен бағын сынап көрген барша қатысушыларды тағы бір еңсерген белесімен құттықтаймыз! Шығар шыңдарыңыз, бағындырар биіктеріңіз, алар асуларыңыз көп болсын!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА