Саранда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты театрландырылған қойылымдардың қалалық фестивалі өтті.
Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткен, ардагерлер кеңесі ұйымдастырған шарада қалалық білім бөліміне қарасты мектеп оқушылары мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері отты жылдарда «бейбіт өмір» үшін жанын пида еткен батырларды еске алып, тағзым етіп, құрметін көрсетті.
- Құрметті ардагерлер, балалар сіздерді, ең бірінші, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын! Зор денсаулық, баянды бақыт, ашық аспан тілеймін. Осы ұлы датаға, Отан қорғау жолында, біздің бейбіт өміріміз үшін өз өмірлерін аямаған батырларға арнап театрландырылған қойылымдардың қалалық фестивалін өткіземіз. Қатысушыларға сәттілік пен табыс тілеймін, - деп өзінің алғы сөзінде қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, әрі әділ қазы алқасының мүшесі Жұмабике Токушева атап өтті.
Сондай-ақ, қатысушылардың өнерін қалалық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева, ҚР Білім және ғылым кәсіподағының құрметті қызметкері, білім беру ардагері Ольга Свиргун, қалалық газеттің бас редакторы, мәслихат депутаты Бибігүл Майпасова, білім беру ардагері Қайырбек Омаров және балалар өнер мектебінің театр бөлімінің оқытушысы Айжан Сағындық бағалады.
Сахнада көрсетілген әр қойылымның мән-маңыздылығы, айтар ойы мен мазмұны терең болды. Олардың өнері тамашалап отырған көрермендердің жүрегін тебірентті. Аға буын өкілдері мен тыл еңбеккерлері еріксіз көздеріне жас алды.
- Біз фестивальге екі аптадай дайындалдық. Сол кездегі медбикенің киімін, сөмкесін келтіруге тырыстық. Көрермен соны сезінсін дедік, -дей келе Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Айбарша Күлембаева Ақтөбе облысының Қобды ауданына қарайтын Бұлақ ауылында дүниеге келген, кеңес мергені, ефрейтор, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың жалпы жүріп өткен жолын көрсеткен қойылымдары жайлы айтып берді.
Жас ұрпақ батырлардың есімі әрдайым жадымызда мәңгі сақталатынын сөзбен де, ісімен де жеткізді. Шырқалған әндері, мәнерлеп оқыған өлеңдері жүректен шығып, жүрекке жетті.
Ал нәтижесі 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні белгілі болды. Өнерлі қатысушылар арасында Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп 1-орын, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі 2-орын, №1 мектеп-лицейі 3-орын алды. №2 жалпы білім беретін мектебінің дайындығы ескеріліп, оларға да сый-құрмет көрсетілді. Жүлдегерлер қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА