Бүгін: 19.10.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

2026 жылдың қаңтар айынан бастап Саран қаласының барлық мектептерінде жасанды интеллект негіздері оқытыла бастайды.  Бұл туралы  кеңейтілген отырыста қалалық білім бөлімінің басшысы мәлім етті.

11 қыркүйек күні Саран қаласы әкімдігінде қала әкімі Дарын Бұлқайырдың  төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған міндеттерді қала аумағында іске асыру бойынша кеңейтілген отырыс өтті.

Оған мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, ардагерлер мен қаланың белсенді азаматтары қатысты.

Қала әкімі өз сөзінде қала тұрмысын жақсартуға бағытталған, межеленген мақсаттарды жүзеге асыру үшін нақты міндеттерді айқындап берді.

- Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес,  Саран қаласы Қарағанды облысының серпінді дамып келе жатқан өндірістік орталықтарының біріне айналуда. Қалада өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып, инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асуда, - деді қала әкімі Дарын Бұлқайыр.

Отырыста «Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айдын Мұхтардың, «Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі» ММ басшысының м.а. Римма Каримованың, қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаевтың, жастар ресурстық орталығының директоры Айым Қанапиянованың баяндамалары тыңдалды. Әрі алдағы жоспарлар сараланды. 

- Президент Жолдауының жетінші тармағына сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айынан бастап біз қаламыздың барлық мектептерінде жасанды интеллект негіздерін үйрете бастаймыз. Биылғы жылы 300-ден астам мұғалім білім беру үдерісінде жаңа технологияларды тиімді қолдану және оқыту әдістерін жаңарту үшін арнайы оқыту курстарынан өтеді, -  деді Арман Болатұлы.

Отырыс соңында қала әкімі Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмалардың орындалуы бойынша тиісті сала басшыларына нақты жұмыстар жүктеді. Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті күшейтуге, қала инфрақұрылымын цифрландыруды жақсартуға қатысты тапсырмалар берілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА