Саранда су және кәріз желілердің тозығы жеткені рас. Бұл өзекті мәселелерді шешу үшін биыл кезең-кезеңмен жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Барлық жөндеу жұмыстары – қала әкімі Дарын Бұлқайырдың басты назарында.
Саран қаласында қазіргі уақытта маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – кәріз жүйелерін қайта жаңарту жұмыстары қолға алынғаны көпті қуантты. Екі жылдық жоба санитарлық қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, қаланы анағұрлым таза әрі жайлы етуге мүмкіндік береді, деп отыр мамандар. Оның алғашқы кезеңі – «Горняк» шағын ауданында бастау алды.
Бүгінде «Горняк» шағын ауданында кәріз желілерін қайта құру жұмыстары жалғасуда. Жұмыс күн сайын жүргізіліп, мердігерлер құрылыстың жоғары қарқынын көрсетуде. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі инстаграм парақшасында хабарлады.
Ұсынылған ақпаратқа сүйенсек, жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша: көлденең бағытта бұрғылау әдісімен диаметрі 160–200 мм болатын 3596 метр пластикалық құбырлар төселді, 42 құдық орнатылды, 57 құдық түп жөнделді, 3 темірбетон сақинасы монтаждалды, темірбетон конструкцияларына гидрооқшаулау жүргізілді, пластикалық құбырлардың 53 буыны дәнекерленген, 17 құдықтың айналасына қайта толтыру жүргізілді, 8 металл қоршау орнатылды және боялды.
Мамандар, осындай жүйелі жұмыстың арқасында Горняк шағын ауданында кәріз желілерін қайта құру кестеге сәйкес жүргізілетінін атап өтті.
- Бүгінгі таңда 886 м магистральдық кәріз желілерін төсеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ 44 құдық орнату бойынша жұмыстар жүргізілгенін хабарлаймыз. Биыл Горняк шағын ауданының бір бөлігінде кәріз жұмыстары жүргізілмек, - деп атап өтті «Саран каласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Мақсат Тоқтасынов.
Биыл жұмыстар алдымен осы шағын ауданында жүргізілсе, келесі кезеңдерде қаланың барлық аумағында жүзеге асырылмақ.
Одан бөлек, қалада 2024–2026 жылдарға жоспарланған және тозығы жеткен құбырларды толық ауыстыруды, ысырмаларды орнатуды және бұрын болмаған жерлерге жаңа магистральдар тартуды көздейтін су құбыры желілерін қайта құрудың 3-кезеңі жалғасуда. Бұл жоба бойынша 92 шақырым құбыр төсеу жоспарланған. Жұмыстың басынан бері 60 шақырым құбыр төселді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, құбыр төсеу заманауи көлденең бағытта бұрғылау әдісімен жүргізілуде. Бұл әдіс жол жабындысы мен абаттандыру нысандарына зиянды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Жоғарғы және төменгі Дубовка, Угольный, 106 және Горняк шағын аудандарында үйлерді жаңа желілерге қосу жұмыстары аяқталуда.
Жоба қала тұрғындарын тұрақты таза сумен қамтамасыз етіп, апаттар санын азайтуға және коммуналдық қызметтердің сапасын ұзақ жылдарға арттыруға бағытталған.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА