Қазақ халқы қай заманда да қариясын құрметтеп, үлкенге ізет көрсетіп өскен. Себебі қария – шаңырақтың киесі, елдің шежіресі, ұрпаққа бағыт беретін тірі қазына. «Қарты бар үй – қазыналы үй» деп бекер айтпаған дана халқымыз.
Қазан айының алғашқы күні – елімізде Қарттар күні ретінде атап өтіледі. Бұл – тек бір күндік еске алу емес, бұл – ата-әжелеріміздің өмір жолына, жасаған еңбегіне, көрген қиындығы мен берген тәрбиесіне деген шынайы ризашылық пен тағзым күні.
Қазіргі жастар бейбіт, еркін елде өмір сүріп жатса, ол – аға буынның жанқиярлық еңбегінің, ерлігінің және төзімділігінің арқасы. Қарттар – кешегі күннің куәгері ғана емес, бүгінгі ұрпақтың ақылшысы, тәрбиешісі. Олар өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, қиындықтан мойымай, елге қызмет еткен жандар.
Отбасының берекесі де, ұрпақтың тәрбиесі де көбіне қарияның ақылымен, батасымен, шежіресімен өріледі. Әжесінің ертегісін тыңдап өскен бала жаман болмайды дейді қазақ. Бұл – үлкенге құрметтің, ұрпаққа өнегенің айқын көрінісі.
Қазіргі заманда қоғам қарияларына қамқор болу – әр азаматтың парызы. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, медициналық көмекпен қамтамасыз ету, күнделікті тұрмыста қолдау көрсету – тек мемлекетке емес, әр отбасыға, әр адамға жүктелген адамгершілік міндет.
Біз, жастар, қарттарымызға тек қарттар күнінде емес, күн сайын құрмет көрсетіп, олардың жанында жиі болып, сөзін тыңдап, батасын алып отыруымыз қажет. Себебі олар – біздің өткіншіміз емес, біздің тамырымыз.
Ата-әжелеріміздің жылы сөзі мен маңдайынан сипаған алақаны – баға жетпес байлығымыз. Сондықтан да «Қарттарым – асыл қазынам!» деген сөз – тек ұран емес, жүректен шыққан шынайы сезім болуы керек.
Қарттарым – асыл қазынам, мерекелеріңіз құтты болсын!
М.К.Байкөжекова,
«№7 мектеп-интернаты» КММ
директордың тәрбие жөніндегі орынбасары





