Бүгін: 02.11.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Сүйінші хабарға, бәрінен ата-аналар қуанды. Көптен күткен қуанышты сәттің күәгері болып, заманауи оқу-әдістемелік құрал-жабдықтармен жабдықталған шағын орталықтың ішін балаларымен бірге аралап көрді.

Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов, білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев, Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекқызы, қала депутаттары мен білім беру ұйымдарының өкілдері, ата-аналар қатысты.

Қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев құттықтау сөз сөйлеп, №7 мектеп-интернатының директоры Қуан Махаметчинге 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық сертификатты табыс етті.  Орталықтың өркендеп дамуына тілекші болған қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов пен Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекқызы қызыл лентаны кескен соң, шашу шашылды.

Шағын орталық №7 мектеп-интернатының бірінші қабатында орналасқан. Іші жарық, әрі кең. Балалардың жан-жақты дамуы үшін бар жағдай жасалған. Арнайы ұлттық, спорттық, музыкалық, ойын-сауықтық, білім беруге арналған аймақтармен қамтылған. Қалалық білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдары орталықтың ашылуына қолғабыс етіп атсалысқан.  Мектеп-интернат директорының айтуынша, орталықтың балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, білімге деген қызығушылығын ерте жастан қалыптастыруға септігі мол. Сондай-ақ, ата-аналар үшін де үлкен көмек болмақ.

- Көптен күткен іс-шара болып жатыр. Өйткені бұл, кішкентай бөбектерімізге тәрбие беретін, әрі қарай дамытатын орталықтың бірі болып ашылып отыр. Шағын орталықта  балалармен екі тәрбиеші жұмыс істейді.  Сонымен қатар, қазақ тілі, орыс тілі пәндерінен мұғалімдер мен музыка жетекшісі тәрбие береді,-деді №7 мектеп-интернатының директоры Қуан Махаметчин.

Шағын орталықтың табалдырығын бірінші рет аттаған балалардың қуанышында шек болмады. Бірден сурет салуға, танымдық-спорттық жаттығуларды орындауға асықты. Ата-аналар да алғысын айтып, дән риза.

- Осы ашылуын көп күттік. Балаларымыздың болашағы үшін орталыққа беріп, бір жағынан тілдері ерте шығады, ортаға үйренеді. Өте қуаныштымыз, -деп баласын шағын орталыққа берген Мейрамгүл Жумкобаева өз әсерімен бөлісті.

Әзірге, шағын орталықта бір аралас топ бар. Таңғы 7:30-дан бастап, кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА