Бүгін: 03.11.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

22 қазан күні №9 арнайы мектеп-интернатында ашық есік күні өтті. Оның аясында жаңа оқу жылында болған өзгерістер мен ресурстық орталықтың жұмысы, оның қызметіне қатысты тың ақпарат берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, бұл шараның басты мақсаты - арнайы педагогтердің оқу-тәрбие үдерісінде түзету-дамыту технологияларын қолдану және ЕББҚ бар балалардың оқуына, дамуына, тәрбиесіне және әлеуметтік бейімделуіне арналған арнайы ұйымдастырылған жағдайларды жасау тәжірибесін ұсыну. 

Шараға қалалық білім бөлімінің әдіскері Елена Коробова, жалпы білім беретін мектептердің директор орынбасарлары, мамандары мен мұғалімдері қатысты. Оларға мектеп-интернатының жұмысы мен инклюзивті білім беру бойынша, педагогикалық қолдаудың маңызы жайлы мәлімет берілді.  №9 арнайы мектеп-интернат директордың ОТЖ орынбасары, мұғалім-дефектолог Галия Маженова ресурстық орталықтың жұмыс жоспарын ұсынды. Оның аясында педагогтер бір-бірімен тәжірибе алмасып, дөңгелек үстелдер, онлайн және оффлайн түрде кездесулер өткізілмек.

-              Қарағанды облысының білім баскармасының бұйрығы негізінде биылғы оқу жылынан бастап біздің мектеп-интернатта инклюзивті қолдау бойынша ресурстық орталық жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты - ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы орта жасау, сондай-ақ қаламыздағы білім беру мекемелеріне, мұғалімдерге және ата-аналарға ақпараттық, әдістемелік, ғылыми, практикалық және консультативтік қолдау көрсету, - деді ҚОББ «№9 арнайы мектеп-интернаты» КММ директоры Салтанат Бесжигитова.

Сондай-ақ, қатысушыларға білім ордасының тыныс-тіршілігімен жақын танысуға мүмкіндік берілді. Шара барысында қатысушылар тек ақпарат алып қана қоймай, оқу кабинеттерін аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Шығармашылық жұмыстарын ташамалап, түрлі шеберлік сабақтарына қатысу арқылы балалардың өнерге, ізденіске деген қызығушылығын байқады. Мектеп мұражайын аралау арқылы білім ордасының тарихымен, оның даму жолымен және жетістіктерімен танысты. Мұражай экспозицияларында өткен жылдардың естеліктері мен тарихи құжаттар, фотосуреттер, марапаттар қойылған.

Іс-шараның соңында Республика күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Балалар өздерінің білімдері мен өнерлерін көрсетіп, білім орданың мүмкіндіктерін ортаға паш етті.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА