Бүгін: 03.11.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

25 қазан - Республика күнінде қалалық «Сұңқар» стадион алаңында дәстүрлі «Ауыл береке» күзгі жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде Абай, Қарқаралы, Шет аудандарының шаруалары, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск пен Саран және т.б. қалаларының кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды.  Сауда сөрелерінде  ет, сүт, көкөніс, бал, жұмыртқа, шұжық, кондитерлік өнімдер мен киім-кешектер, басқа да үйге қажет заттар қолжетімді бағамен сатылды.

- Биылға бұл екінші рет ұйымдастырылған жәрмеңке. Оған дейін РТИ-да өткізген болатынбыз. Осы жәрмеңкеге Саран қаласына әр түрлі өңірлерден  61 кәсіпкер келді, - деді «Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің маманы Адильбек Калиев.

Мерекеге орай жәрмеңкеде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.  Көпшілікке ұсынылған азық-түліктің бағасы нарықтағыдан әлдеқайда төмен болды. Сиыр, қой, жылқы еті – 2900 теңгеден басталса, шошқа еті 2300 теңгеден, картоп – 120 теңгеден, қырыққабат пен пияз -100 теңгеден, сәбіз – 120 теңгеден сатылды. Одан басқа да өнімдер, отандық өндірушілердің басқа да тауарлары тиімді бағада ұсынылды.

- Барлықтарыңызды Республика күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, деніміз сау, аспанымыз ашық болсын. Жәрмеңке жақсы өтуде. Сиыр, қой етін алдық. Бағалары да қолжетімді. Ұйымдастырушыларға рақмет,- деп пікірін білдірді қала тұрғыны Зоя Ермукашева.

- Саран қаласына біз Қарқаралы ауданынан келдік. Жәрмеңке жақсы болуда. Күн де жақсы. Халық көп. Бүгінгі мерекемен барлықтарыңызды құттықтаймыз! Отанымыздың іргесі аман болсын!, - деп тілегін білдірді «Ерасыл» шаруа қожалығының иесі Гүлдана Дауренбекова.

Сондай-ақ, жәрмеңке аумағында саудагерлерге барлық қажетті тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасалды. Жергілікті жерде ветеринарлық зертхананың жұмысы ұйымдастырылып, бақылау таразы орнатылды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА