Биыл Ұлы Отан соғысы жылдарын бастан өткерген, ел тарихының күрделі кезеңдеріне куә болған тыл ардагері Әубәкір Қонысұлы Ахметов - 100 жасқа толды. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің өмір жолын сипаттайтын маңызды белес.
ХХ ғасырдағы қиын-қыстау уақытты өз көзімен көрген тыл ардагері 1926 жылдың 1 қаңтарында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жаңа жұрт бөлімшесінде дүниеге келген. Әкесінен бес жасында айырылып, ерте еңбекке араласты. Балалық шағы ауыл шаруашылығындағы ауыр жұмыстармен, соның ішінде өгіз жегіп жер жыртумен өткен.
1944 жылдың 2 ақпанында, 18 жасқа толған шағында, әскер қатарына шақырылды. Алты ай бойы Орал–Кунгур аймағында әскери дайындықтан өтіп, кейін Румыния, Франкфурт, Потсдам жаққа жіберілген. Әскери қызметі жайлы ардагер көп әңгіме өрбітпегенімен, кеудесіне тағылған армия генералы Чуковтан алған «Гвардейский значок», қару-жарақты жақсы меңгергені үшін подполковник Семиковтан «За отличный пулеметчик» төсбелгілері, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60, 65, 70, 80 жылдық мерекелік медальдары және өзге де марапаттары оның жауынгерлік ерлігі мен әскери міндетіне деген жоғары жауапкершілігін айқын көрсетеді.
Ұлы Отан соғысы аяқталғанымен, ол бірден елге оралған жоқ. Әскери қызметін одан әрі жалғастырып, тек 1950 жылы ғана туған-туыстарымен, отбасымен қайта қауышты.
1951 жылы Бөлтейқызы Дархияға үйленіп, бригадир, шаруашылық меңгерушісі қызметтерін атқарып, ауыл шаруашылықпен айналысты. Механизатор болып еңбек етіп жүргенде 1987 жылы құрметті зейнет демалысына шықты.
Жұбайымен бірге қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай адал еңбегімен 14 баланы тәрбиелеп өсірді. Қазіргі уақытта әулеттен 38 немере мен 73 шөбере, 3 шөпшек тараған. Бұл – бірнеше буынның өзара байланысы үзілмей сақталғанын көрсететін көрсеткіш.
- Балалық шағымызда бәріміз әкеміздің жұмыстан келуін асыға күтетінбіз. Әкеміз дала бүлдіргенін теріп әкеп берсе, анамыз самаурын қайнатып, бидай қуырып қоятын. Ата-анамыз бар тәттіні біздің алдымызға тосты. Барлығымызды бірдей жақсы көріп, өсірді, оқытты. Біздің анамыз да тыл ардагері болатын, 2015 жылы өмірден өтіп, мәңгілік сапарға аттанды. Қазір он төрт бауырдан, тоғызымыз әкеміздің қасындамыз. Әкеміз Шет ауданында тұрса да, әрдайым қал-жағдайын сұрап отырамыз, - деді Саран қаласында тұратын қызы Ахметова Раушан Аубакірқызы.
Ақой ауылының фельдшер акушер пунктінде мебдике болып жұмыс істейтін Манар Әубәкірқызы да бізбен өз естелігімен бөлісе кетті:
- Біздің әкеміз адалдыққа, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, ащы термен, адал ас жеуге, ешкімнің ала жібін аттап, қиянат жасамауға өсиетін айтып отыратын. Тоғыз қызының шаштары ұзын, бұйра, ешқайсымыздың шашымызды қиғызбайтын. Анамыз бен әкеміздің бізге деген ерекше тәрбиесі, қамқорлығының арқасында білімді үлкен ордалы отбасы боп отырмыз. Бақытты балалық шағымыз өте қызықты өтті, өздері көрген қиыншылықты бізге көрсетпеді, өздері алмаған білімді, біздерді оқытып қалаған мамандықтың иесі болдық. Аллаға шүкір әкемізбен, анамызбен мақтанамыз», - деді ол.
Жыл сайын 9 мамыр күні әулет мүшелерінің барлығы Әубәкір Қонысұлының жанынан табылады. Бұл бірнеше онжылдықтан бері қалыптасқан ортақ дәстүр. Бүгінде қадірлі ел ақсақалы өзінің ғасырлық ғұмырымен көпке үлгі болып отыр.
Бір ғасырды еңсеру – маңдайға жазылған тағдыр ғана емес, төзім мен табандылықтың, адал еңбек пен таза ниеттің жемісі. Ұрпағына тек өмір сыйлап қана қоймай, адалдықты, еңбекқорлықты, елге қызмет етуді аманат етіп келеді. Оның ғибратқа толы ғұмыры – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті. Мұндай асыл жандардың өнегесі мәңгілік, ал қалдырған ізі — ел жадында өшпес.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







