Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушілері Қазақстан чемпионатына жолдама алып, Қарағанды облысының намысын қорғайды.
Саран спортшылары үшін жыл жағымды жаңалықпен басталды. 8 қаңтар күні Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде грек-рим күресінен U-17 жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат өтті. Бұл дүбірлі додада қаламыздың жас спортшылары өз бағын сынап көрді.
Жас балуандарымыз тартысты белдесулерде қарсыластарынан осал емес екенін дәлелдеп, жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда: 55 кг салмақ дәрежесінде Шакен Мади алтын медаль жеңіп алса, 48 келі салмақта Валеев Ислам мен 60 келіде Денкс Токен күміс жүлдеге ие болды. Ал қола медальдарды: 48 келіде Константинов Артем, 51 келі арасында Кайрат Кадыржан және 65 келі салмақта Жалгасов Жасулан қанжығасына байлады.
- Облыстық чемпионат Қазақстан чемпионатына іріктеу жарысы болды. Ол жаққа лицензияны Шакен Мади, Валеев Ислам, Константинов Артем алды. Осы үш бала Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысын қорғайды, - деді Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы Сүндет Бектибаев.
Жас спортшыларымызды және олардың білікті бапкерлерін жарқын жеңістерімен құттықтаймыз! Жақсы жетістіктерге жете беріңіздер. Жолдарыңыз ашық болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





