Бүгін: 05.02.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақстан Республикасы Ата заңда зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындаған. Бұл қағида ел дамуының іргетасы ғана емес, көпэтносты және көпконфессиялы қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің басты кепілі болып отыр. Алайда жаһандану, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және діни фактордың саясилануы жағдайында зайырлылықты сақтау жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келуде.

Қазақстандағы зайырлылық – дінді жоққа шығару немесе қоғам өмірінен ығыстыру емес. Ол мемлекеттің діни ұйымдардан бөлінуін, азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығын қамтамасыз етуді көздейді. Мемлекет қандай да бір дінді қолдамайды және оған қарсы шықпайды, ал дін азаматтардың жеке таңдауы ретінде танылады.

Бүгінгі таңда зайырлылық күрделі мәселелермен сыналуда. Атап айтқанда, діни радикализм мен экстремизм қаупі. Ғаламдық ақпарат ағыны арқылы сырттан келетін радикалды идеялар, әсіресе жастар арасында, дәстүрлі емес діни түсініктердің таралуына әсер етуде. Бұл құбылыс зайырлы мемлекет негіздеріне ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Сонымен қатар, дінді саясаттандыру үрдісі. Кейбір топтар діни риториканы әлеуметтік немесе саяси талаптарын алға жылжыту үшін пайдалануға тырысады. Мұндай әрекеттер қоғамды жіктеп, конфессияаралық келісімге нұқсан келтіруі мүмкін.

Әлемдік тәжірибеде әртүрлі үлгілер бар. Мәселен, Францияда зайырлылық қатаң түрде жүзеге асса, АҚШ-та дін бостандығына кең мүмкіндік берілген. Бұл Қазақстан үшін зайырлылықты ұлттық ерекшеліктер мен қоғамдық келісім негізінде дамыту қажеттігін көрсетеді. Зайырлылықтың тиімділігі оның қоғамдық келісіммен, құқықтық мәдениетпен және ашық диалогпен ұштасуында.

Зайырлылық – Қазақстан үшін тек конституциялық норма емес, қоғамдық келісім мен тұрақты дамудың стратегиялық негізі. Қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында оны сақтау қатаң бақылаумен емес, саналы түсінікпен, біліммен және өзара құрметпен жүзеге асуы тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, зайырлылықтың табысты болуы – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Г. Ханафина,

«Саран қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ-нің бас маманы, ақпараттық-

түсіндіру тобының мүшесі