Бүгін: 05.02.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында жыл сайын шахматтан облыстық турнир өткізу игі дәстүрге айналған. Биыл аталған зияткерлік жарыс 25 қаңтар күні мәдениет үйінде өз жалғасын тапты.

Бір қуантарлығы, турнирге деген қызығушылық жылдан-жылға артуда. Соңғы жылдармен салыстырғанда осы жылы қатысушылардың саны да көбейген. Қарағанды, Саран, Теміртау, Абай, Шахтинск қалаларынан, сондай-ақ Шахан кенті мен Нұра ауданынан 72 қатысушы жиналып, өз бағын сынап көрді. Ақыл-ой додасы швейцариялық жүйе бойынша өтіп, 9 турдан тұрды.

Қарағанды облыстық шахмат федерациясының Президенті Владимир Алескеров пен Саран қаласының шахмат федерациясының төрағасы Анатолий Багринцев ашылу салтанатында сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Менің шахмат ойнап жүргеніме 45 жыл болды. Маған осында келген ұнайды. Былтыр да келіп, қатыстым. Ұйымдастырушылар да жақсы, - деп өз пікірімен бөлісе кетті Абай қаласының тұрғыны Игорь Дошлов.

Салтанатты марапаттау рәсімінде қала әкімінің орынбасары Дастан Арнешев пен Саран қаласының шахмат федерациясының төрағасы Анатолий Багринцевке сөз берілді. Шарада қатысушылардың жетістіктері атап өтіліп, сондай-ақ, Саран қаласында шахмат қозғалысын дамытуға қосқан үлестері үшін Тесленко Иван Михайлович пен Асанович Михаил Александровичке алғыс хаттар берілді.

Жаза кетейік, биыл Қарағанды облыстық шахмат федерациясының Президенті Владимир Владимирович Алескеровтің қолдауының арқасында қатысушыларды марапаттау алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылды. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сертификаттар, ақшалай сыйлықтар және алғыс хаттар табысталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА