Бүгін: 08.02.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран су қоймасында қысқы кезеңде судағы тіршілік иелерін қорғау мақсатында жоспарлы іс-шара жүргізілді.

Акция «Нұра-Сарысу облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі, «Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен Қарағанды облысының және Саран қаласының әкімдіктерімен  бірлесе ұйымдастырылды.

Саран қалалық мәслихатының төрағасы Өміржан Баймағанбетов акция аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жүргізілу тәртібін көріп қайтты.  Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының өкілдері мен ерікті жастары да атсалысып, игі іске өз үлесін қосты.

- Жыл сайын Балық шаруашылығы комитетінің тапсырмасына сәйкес мұндай акция республика аумағында өткізіледі. Қыс мезгілінде су айдындарындағы мұз қабатының қалыңдығы бір метрден асады. Осыған байланысты балықтардың тыныс алуы қиындайды, себебі суда оттегінің мөлшері азаяды. Нәтижесінде балықтардың қырылу қаупі туындайды. Осыған жол бермеу мақсатында инспекциялармен, облыс әкімдіктерімен бірлесіп тиісті іс-шараларды жүргізеді, - деді «Балық шаруашылығы комитетінің Нұра-Сарысу облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Қарағанды облысы бойынша балық инспекция бөлімінің бас маманы Абай Альжанов.

Аталған науқан жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Қарағанды облысының су айдындарының балық ресурстарын және басқа да су жануарларының қырылуына қарсы  мұз бетін бұрғылап, пайда болған ойықтарға қамыстарды орнатады. Сондай-ақ, суға аэрация жүргізіледі. Осы жұмыстардың арқасында су айдынындағы балық ресурстары және басқа да су жануарлары өмір сүруге қажетті оттегімен қамтамасыз етіледі.

«Балық шаруашылығы комитетінің Нұра-Сарысу облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Балық шаруашылығы, мониторинг және цифрландыру бөлімінің бас маманы Жұлдыз Жетпісбайдың айтуы бойынша, іс-шара нәтижесінде Саран су қоймасында шамамен 60 ойық қазылып, бір помпа (аэратор) орнатылды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА