Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында «Кім мықты?» ІV облыстық жарыс өтті.
Барлығы жоғары деңгейде өтуі үшін аз маңдай тер төгілмеді. Ашылу салтанатында білім беру саласының өкілдерін Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Насимуллин, «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы А.Ракишева, «Білім» жергілікті білім беру қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Ә.Жамбеисова, Қарағанды технология және сервис колледжінің директоры М. Мамирова, Абай Құнанбаев атындағы СЖГТ колледждің директоры А. Темирбулатова құттықтады.
Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Насимуллин өз сөзінде, педагогтер күнделікті өмірде спортты өзінің кәсіби машығы, хоббиі ретінде ұстанған жағдайда, олар тәрбиелеп отырған білім алушы студенттер де ұстаздарына қарап үлгі алып, салауатты өмір салтын қалыптастыратынын атап кетті. Колледж директоры Алма Темирбулатова болса, осымен төртінші рет ұйымдастырылған шараның ауқымы кеңейіп, болашақта республикалық деңгейге көтерілуіне тілектестік білдірді.
Іс-шара аясында Саран қаласының балалар өнер мектебінің «Қыран» хореографиялық ансамблінің (жетекшісі – Санархан Асылбек), сондай-ақ «Амадеус» би ансамблі (жетекшісі – Кан Н.Л.) бишілерінің өнері жарыстың салтанатты ашылуын айшықтай түсті. Жан-жақтан жиналған 21 команда мүшелері волейбол, үстел теннисі мен тоғызқұмалақтан бақтарын сынады.
Мол эмоция мен қобалжу, белсенділік пен ерекше сергектілікке толы сәт жарыс алаңынан бір елі алыстамады. Командалық рух пен жеңіске деген жігер, әріптестерінің қолдауы ерекше болды. Әрбір спорт түрі жағымды әсер сыйлап, спортқа деген қызығушылық пен ынтаны екі есе арттыра түсті. Қатысушылар бір-бірімен бәсекеге түспеді, керісінше, әр түрлі колледжде қызмет етсе де бір-біріне көмектесіп, пікір алмасты. Бір жағынан тәжірибе алмасуға да таптырмас мүмкіндік сыйланды.
- Осы сайыста мен тоғызқұмалақтан қатысамын. Жалпы, үшінші жыл қатысып жатырмыз. Бірінші жыл 1-орын, алдыңғы жылы 2-орын алдық. Биыл да жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске жетеміз деген үміт бар. Жалпы, бұл сайыс мұғалімдер арасында болғандықтан, спорттық сайыс арқылы бір-бірімізбен танысамыз, тәжірибе алмасамыз. Қатысушыларға сәттілік тілеймін! Осындай сайыстар алдағы уақытта да көбірек бола берсін, - деді Қарағанды жоғары политехникалық колледжде көлік технологиялар кафедрасының арнайы пәндер оқытушысы Алау Айтпаева.
Облыстық жарыстың өту барысымен бас төреші Ж.Жаяубаев таныстырды. Қатысушылар саны көп болғандықтан ұйымдастырушыларға №17 мектеп-гимназиясы мен Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп қолдауын білдірді.
Нәтижесінде тоғызқұмалақ бойынша III орынды – «Теміртау жоғары политехникалық колледжі» КМҚК, II орынды – «Қарағанды техника-құрылыс колледжі» КМҚК, және I – орынды «Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі» КМҚК ие болды. Ал волейболдан III орынды – «Қарағанды көлік-технологиялық колледжі» КМҚК, II – орынды «Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі» КМҚК, I – орынды «Қарағанды жоғары политехникалық колледжі» КМҚК алды. Үстел теннисінен: III орын – Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжіне, II орын – Қарағанды техника-құрылыс колледжіне, I орын – Қарағанды жоғары политехникалық колледжіне берілді.
Жалпы командалық есеп бойынша Қарағанды техника-құрылыс колледжі III орынға, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі II орынға, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі I орынға қол жеткізді.
Жарыстың әр спорт түрі бойынша жеңімпаз және жүлдегер командалар кубоктармен, грамоталармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








