Қазақ тілі – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байлығы, ұлттық болмысының айғағы. Ол – ата – бабамыздың тарихын, салт – дәстүрін, дүниетанымын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қастерлі мұра. Қазақ тілі тек қарым – қатынас құралы ғана емес, ол – халықтың жаны мен жүрегі.
Қазақ тілі түркі тілдер тобына жатады және сөздік қорының байлығымен, бейнелі сөздерімен ерекшеленеді. Тілімізде бір ғана сөзбен терең мағына беру, ойды көркем жеткізу мүмкіндігі мол. Мақал – мәтелдер, шешендік сөздер, жыраулар поэзиясы – қазақ тілінің көркемдік қуатын айқын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл оның ел өміріндегі маңызын арттырып, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуына жол ашады. Бүгінде қазақ тілі білім беру, ғылым, мәдениет, ақпарат құралдары мен мемлекеттік басқару саласында кеңінен дамып келеді.
Әрбір азамат қазақ тілін меңгеріп, күнделікті өмірде қолдануға ұмтылса, тілдің мәртебесі одан әрі биіктей түседі.Ана тілімізді сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қазақ тілі – мәңгілік елдің мәңгілік тілі. Оны ардақтау, қадірлеу арқылы біз өз тарихымызды, мәдениетімізді және ұлттық бірлігімізді сақтаймыз.
Ж. Джумашева,
Саран қаласының
полиция бөлімі





