Саран қаласында ата-аналар үшін пайдалы, мазмұнға бай және ақпаратқа толы ауқымды іс-шара өтті.
«Отбасынан қоғамға: балалардың әл-ауқаты – біздің жалпы міндетіміз» - дәл осындай тақырыппен аталған шараға Қарағанды облысы білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, Саран қаласының отбасын қолдау орталығының, полиция бөлімінің, денсаулық сақтау саласының өкілдері, мектеп педагогтері мен психологтары, ата-аналар және балалар қатысты.
Оның аясында отбасылық құндылықты бекітетін, бір-біріне деген сенімді нығайтуға бағытталған көрме мен шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Қызыға қызықтаған қатысушыларға балалар мен отбасыларға көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпарат берілді. Мәселен, №1 мектеп-лицейінің педагог психологтары: Оксана Ширименко мен Наталья Тарасевич «Незаконченные предложения» әдістемесіне сүйене отырып, өздері әзірлеген адамның ішкі дүниесін анықтауға көмектесетін қызықты ойынмен таныстырды. №6 жалпы білім беретін мектептің ұстазы интерактивті coworking орталығына шолу жасаса, №7 мектеп-интернатында ашылған «Жас сақшы» сыныбының тәрбиеленушілері өздерінің әскери дайындық деңгейін көрсетті. Олар көздерін жұмып, Калашников автоматын жартылай шашып-жинау бойынша шеберліктерін паш етті. №2 және №13 жалпы білім беретін мектептері инклюзивті білім беру бойынша авторлық оқу құралдарын, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығы үшін ескертпелер мен ақпараттық брошюраларды ұсынды. №16 ЖББ мектебінің ұстаздары арт-терапия техникасымен таныстырды. Әрі қатысушылар жас техниктер станциясының робототехника бағытындағы жетістіктерін тамашалай алды.
Көрмеде Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы Ақерке Жарылғаптың қолынан шыққан туындылары, ұстазы - көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жайнагүл Мухарханмен бірге моншақтардан жасаған бұйымдары, сөмкелері ел назарына түсті.
Ақерке - небәрі 11 жаста болса да, қазірдің өзінде көздің жауын алатын сөмкелерді жасауға әбден машықтанып алған. Ұстазы да шәкіртінен зор үміт күтеді.
Сондай-ақ, ата-аналар Қарағанды облысы білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ өкілдерінің, педагог-психологтардың шеберлік сабақтарына қатысып, одан алған әсерімен бөлісті. Тіпті, кей тұстары көздеріне жас та алғанын жасырмады.
- Мен үш баланың анасымын. Балаларым алтыншы мектепте оқиды. Осы форумға баламның сынып жетекшісі шақырды. Мен қазір ғана психологтің қатысуымен өткен шеберлік сабақтан шықтым. Менің ойымша, осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізу керек...Өзіңді басқа қырынан тануға тамаша мүмкіндік деп ойлаймын, - деп өз әсерімен бөлісті үш баланың аяулы анасы Екатерина Вичикова.
Форумның негізгі бөлімі – пленарлық отырыс болды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ғ. Тохметова ашып жүргізген отырыс барысында Қарағанды облысы білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ басшысының орынбасары Г. Едембаева, қалалық білім бөлімінің бас маманы С. Цаплина, Саран қаласы ПБ ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Ж. Хан, ата-аналар тарапынан қалалық спорт орталығының басшысы, «Арыстан» спорт клубының жетекшісі Б. Ермагамбетов сөз сөйледі.
- Қалалық форум ата-аналар мен балалар арасындағы өзара түсіністікті дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта балалардың көп уақытын гаджеттер мен әртүрлі ойындар алатыны бәріне аян, сондықтан ата-аналар мен балалар арасындағы байланысты қалпына келтіру аса маңызды. Егер ата-аналар баланың мінез-құлқындағы қиындықтармен немесе жасөспірімдік кезеңдегі мәселелермен кездессе, бүгінгі форум олар үшін өз сұрақтарына жауап табудың ерекше мүмкіндігін ұсынады. Себебі Қарағанды облысының білім басқармасының психологиялық қолдау орталығының мамандары жеке консультациялар жүргізу үшін, ата-аналарға арналған мастер-класстар өткізу үшін келді. Шеберлік сабақтардың тақырыптары: отбасының бақыты, қауіпсіздік, сенім және қарым-қатынас. Сонымен қатар, қаламыздың педагог-психолог мамандары қаладағы өзін-өзі басқару кеңесімен және мектептердегі қамқоршылық кеңестердің басшыларымен кездесулер ұйымдастырды... Осылайша, форум қатысушылар үшін ерекше іс-шара болып табылады: ата-аналар өз сұрақтарына жауап алып қана қоймай, сонымен бірге барлық білім беру ұйымдарының қызметімен танысуға мүмкіндік алды,- деді Саран қалалық білім бөлімінің бас маманы С.Цаплина.
Сонымен қатар, отырыста балалардың психологиялық қауіпсіздігі, отбасылық тәрбиенің маңызы, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларға қатысты мәселелер кеңінен талқыланды. Сөз соңында, білім бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова барлық қатысушыларға алғысын айтып, шараның мазмұнды болғанын атап өтті.
Дина Әбдіғалиева










