Бүгін: 01.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің спорт залында WKF каратэ бойынша Саран қаласының ашық біріншілігі өтті.

Ашылу салтанатында жас спортшыларды Қарағанды облыстық WKF каратэ федерациясының президенті Ешкин Виктор Николаевич, жарыстың бас төрешісі - халықаралық дәрежедегі төреші Скляренко Андрей Викторович және Саран қалалық спорт орталығының директоры Ермагамбетов Берікбол Толешевич құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жарқын жеңіс пен сәттілік тіледі.

Жарысқа ұлдар да, қыздар да қатысты. Тек Саран қаласынан ғана емес, облысқа қарасты өзге де қалаларынан келген спортшылар ката бағдарламасында өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Ката бағдарламасында спортшылардың жаттығу әдістері мен техникалық шеберлігі бағаланса, негізгі кумите бағдарламасында ең мықты, ең шымыр қатысушылар анықталды.

- Біз жарысқа Қарағанды қаласынан келдік. Ұлымыз жарты жылдан артық каратэ-доға барады. Өткен облыстық жарыста  ол 3-орынды иеленді. Біз қатты қуандық. Жаңа кимоно әпердік. Балада қызығушылық пайда болды. Біз ата-ана ретінде, әлбетте, ол үшін уайымдаймыз, алайда нәтижесін көре келе, оны барынша қолдап келеміз, - деді Қарағанды қаласынан келген Юлия Михайлова.

Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру  және спорт бөлімі, «Қарағанды облыстық WKF каратэ федерациясы» қоғамдық бірлестігі мен қалалық спорт орталығымен бірлесе ұйымдастырылған біріншіліктің бағдарламасына сәйкес оған 4 жастан 13 жасқа дейінгі қатысушылар қатысқан. Бас-аяғы 6 командадан 100-ге жуық адам жиналды.

Тартысты өткен татамидегі бәсекеде жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды Қарағандыдан келген «KazFighter» клубының командасы жеңіп алды, олар 7 алтын, 3 күміс және 2 қола медальді иеленді. Жүлделі екінші орынмен 5 алтын, 7 күміс және 7 қола медальмен Саран қаласының «Godan» клубының спортшылары марапатталды. Үшінші орынға 3 алтын, 6 күміс және 6 қола медальмен Қарағандыдан келген «Ювента» клубының командасы жайғасты.

Жақсы нәтиже көрсетіп, жетістіктерге қол жеткізген жерлестеріміздің жүлделері құтты болсын! Атап айтқанда: «Godan» клубының спортшылары –  Зограбян Амелия, Циома Лидия, Дааев Анзор,  Амангелді Нұрдәулет, Ануарбекова Диана алтын медальдің иегері атанды. Ал Фараносова Варвара, Беляев Арсентий, Циома Лидия, Лепехова София, Германович Даниил, Измайлов Али күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, Маух Богдана, Ануарбеков Диана, Лепехова Кира, Шарипов Абдулла, Жұбандық Дәуірхан және Шепаев Богдан қола медальді қанжығасына байлады. 

Жас спортшыларымызға алдағы жарыстарда да толағай табыстарға жетулеріне тілектеспіз. Бағындырар белестеріңіз көп болсын!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА