12 ақпан – Саран қаласының «Жайдарман» лигасының жетекшісі болған, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі, қалалық мәдениет үйінің директоры м.а. болып қызмет еткен, жайдарман жанашыры Алданыш Адамжанұлы Мұсабековтің туған күні.
Дәл осы күні қаламызда қала әкімдігінің қолдауымен, мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жайдарманнан Алданыш Адамжанұлын еске алуға арналған «Достық» кубогі өтті.
- Алданышым, өте кішіпейіл жақсы адам еді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Ісі былай жалғасып жатқанына өте қуаныштымын. Өте ризамын. Әкесі де риза болып кеткен. Былтыр көрді ғой ол кісі. Енді, жатқан жерлері жайлы болсын. Қайтейік... Алланың жазуымен кетті. Әрі қарай осы жайдарман түлектерінің жолдары болып, алға сәттілікпенен жылжып, өсіп, даңқын асыра берсін. Саран әкімшілігіне, жергілікті жерге, басшылардың бәріне ризамыз,- деді Алданыш Адамжанұлының анасы Баян Мусабекова.
Алты команда әзілге толы кеш сыйлай отырып, есте қалған жарқын естеліктерімен бөлісті, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй тарту етті.
Алданыш Адамжанұлының анасы, жары, балалары мен туған-туыстары, сондай-ақ, өзі кезінде жетекшілік еткен «Саран» құрамасының мүшелері арнайы келіп, жастарға қолдау білдірді.
- Бүгін мен үшін жүрегіме жақын, жаныма ауыр ерекше күн. Өмірлік серігім, асыл жарым – Алданышымның бұл дүниеден өткеніне де жылдан асты. Бүгін тірі болғанда 49 жасқа толар еді. Ол кісі жайдарманды шын жүрегімен сүйді. Сахнаны өмірдің бір бөлшегі ретінде санады. Әріптестерімен, достарымен бірге талай жыл осы өнерге еңбегі сіңді. Талай жастың қанатын қатайтты. Бүгін сол азаматтың ізін жалғап, еңбегің ескеріп, рухына тағзым етіп, осы кешті ұйымдастырып отырған әріптестері мен жақын достарына шексіз алғысымды білдіремін. Сіздер оның есімін ұмыттырмай, өнер жолындағы еңбегің қайта жаңғыртып отырсыздар. Бұл тек ойын ғана емес, бұл адалдықтың, сағыныштың, құрметтің көрінісі болып табылады, - деді Алданыш Адамжанұлының жұбайы Гауһар Какенова.
Осы жолғы ойында бас жүлде – 100 мың теңге көлеміндегі сертификат болды. Қатысушы командалар арасында қазақ тілді КВН-де алғаш рет бой көрсеткен құрамаларды көрдік.
- Алданыш марқұмды есімізге алып, бүгін туған күні екен, соған бұрынғы әріптестері, достары, шәкірттері болып, міне, ойнап отырмыз. Биыл біз бірінші рет қатыстық. Өзіміз көбінесе орысша КВН ойнаймыз. Сол себепті, осы жолы өзімізді қазақ тілді КВН-да бірінші рет сынап отырмыз, - деді №7 мектеп-интернатының тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Абай Еркін.
«Жақсы ұстаздан — жақсы шәкірт шығады» демекші, «Саран» құрамасы да құр қол келмей, арттарынан еріп келе жатқан жас буынға қаржылай демеу көрсетті. Көңілді жарыста өзінің әділ бағасын беріп, төрелік еткен әділ қазылардың шешімімен «JasClub» және «BOLASHAQ SHUAQ» құрамалары алғыс хатпен және арнайы сертификатпен марапатталды. ІІІ дәрежелі диплом «S-Effect» командасына табысталса, ІІ дәрежелі дипломы - «№7 мектеп-интернаты» құрамасына бұйырды. І дәрежелі дипломды – «SaranSky» құрамасы жеңіп алды.
Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Ақтас «С-300 дивизион» құрамасының жігіттері бәрінен оза шауып, бас жүлдеге ие болды.
- Ойынға шамамен төрт күндей Ақтас С-300 дивизионындағы казармада дайындалдық. Бізге жеке болып көмектескен ефрейтор мырза Ф.Омаркуловқа, ойынға демеуші болған майор мырзамыз Р.Бахтияровқа алғысымызды айтамыз. Мен өзім Түркістан облысы, Түркістан қаласынан келдім. Бұрын мектепаралық фестивальдерде топ жарып жүрдім, - деп ойыннан алған әсерімен бөлісті 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымыран дивизионының мерзімді әскери қызметшісі, Ақтас «С-300 дивизион» құрамасының капитаны Нұрлыбек Абдраманов.
Жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және арнайы сый-сияпаттармен марапатталды. Алданыш Адамжанұлының жұбайы Гауһар Какенова Рахымберлі ата ұрпақтарының атынан барлық командаға естелік кубоктарды тарту етті. Сондай-ақ, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің ДТ-9-25 тобының студенттері: «S-Effect» құрамасының мүшесі Гүлназ Абдулхамитова «Көрермен көзайымы» атанса, «SaranSky» құрамасының ойыншысы Медеуұлы Алишер «Ең үздік ойыншы» номинациясына ие болды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА










