17 ақпанда қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев Ақтас кентінің тұрғыны, көпбалалы ана Жанна Леонидовна Юдинаны «Күміс алқамен» марапаттады.
Алтын асықтай екі ұл, төрт қызғалдақтай қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана үшін бұл - айрықша мәні бар, елеулі күндердің бірі. Екі баласы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде студент, ортаңғы балалары №13 жалпы білім беретін мектепте білім алуда, ал шаңырақтың кенжелері анасымен бірге үйде тәрбиеленуде.
Аналық жол – сабыр мен сүйіспеншіліктің, шексіз махаббаттың жолы. Оның әрбір сәті бағалы, әр күні – бақытқа толы. Үйдің тұңғышы – 17 жаста, кенжесі – 1 жаста. Аралары алшақ болса да, араларындағы сыйластық, бауырмалдық ерекше. Үлкендері кішілеріне қамқор, кішілері үлкендеріне құрметпен қарайды. Белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданғанды ұнатады. Бір-біріне тірек болып, әрдайым қолдау көрсетеді. Осындай татулық пен бірлік – отбасының ең үлкен байлығы.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





