19 ақпан күні қала тұрғындарымен ашық диалог орнату мақсатында, Саран қаласының полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асылбек Сейтжанов халық алдындағы есеп беру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында полиция бөлімінің бастығы өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыспен күрес бағытында жүзеге асқан шараларды баяндады.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында бейнекамералардың көмегімен 28 қылмыс ашылып, 7 585 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Қауіп-қатері жоғары деп саналатын автожол учаскелерінде 100 жол белгісі орнатылды. Бес проекциялық жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2025 жылы №2, №4 учаскелік полиция пункттарында күрделі жөндеу жүргізілді. РТИ елдімекенінде №1 учаскелік полиция пункті ашылды. Мемлекеттік органдар мен белсенді азаматтармен бірлесе жасаған жұмыстар атап өтілді.
Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар әрі қарай да тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады. Атқарылған жұмыстар презентация арқылы қатысушылардың назарына ұсынылды.
Сөз соңына қарай, Саран қаласының полиция бөлімінің бастығы Асылбек Сейтжанов 2026 жылды Ішкі істер министрі «Балалар қауіпсіздігі және цифрландыру жылы» деп жариялағаны туралы мәлімдеді. Осыған байланысты қалалық полиция бөлімі 2026 жылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейтпек.
Шараға қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубаев қатысып, полиция қызметкерлерінің еселі еңбегін атап өтті. Тұрғындар тарапынан да сұрақтар қойылып, оларға тиісті жауаптар берілді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





