Бүгін: 09.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Осындай кең байтақ елде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Солардың басын біріктіретін, ел тұтастығын   сақтайтын басты құндылықтардың бірі –мемлекеттік тіл. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Сондықтан мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінің орны ерекше.

Мемлекеттік қызмет – халық пен биліктің арасын жалғайтын маңызды көпір. Ал осы көпірдің берік болуы – қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне тікелей байланысты. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, іс жүргізе алатын маман – елге жақын, халыкқа түсінікті қызметкер. Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік мекемелерде құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу – уақыт талабы. Ресми хаттар, бұйрықтар, анықтамалар мен есептер мемлекеттік тілде дайындалуы тиіс. Бұл – заң талаптарын орындау ғана емес, елдің тілдік тәуелсіздігін нығайту жолындағы маңызды қадам.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкер – қоғамға үлгі. Егер қызметкер қазақ тілін құрметтеп, күнделікті жұмысында қолданса, бұл өзгелерге де оң әсер етеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – тек заңмен емес нақты іс–әрекетпен жүзеге асады. 

Қазақ тілін дамыту – бұл тек тіл мәселесі ғана емес, ол – ұлттық қауіпсіздік, ел бірлігі және болашақтың кепілі. Мемлекеттік қызметте қазақ тілінің кеңінен қолданылуы – тәуелсіздіктің тұғырының нығаюы.

Қазақ тілі мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, оны қызмет барысында белсенді қолданса, еліміздің болашағы жарқын, тіліміздің мәртебесі биік болмақ.

Ж. Джумашева,

Саран қаласының полиция бөлімі