Бүгін: 09.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығы үшін ерекше жыл. Себебі, ұлттың жаны, рухтың шамшырағына айналған орда 65 жылдық мерейтойын атап өтпек.

1950 жылы құрылған Ақтас кенті бірте-бірте қарқынды дами бастады. 1955 жылға қарай мұндағы мәдени өмір күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Бізге берген мәліметке сүйенсек, сол уақыттарда жұмысшылар мен жастар үшін №1–2 кірпіш зауытының клубтары және Саран шахта құрылыс басқармасының клубы жұмыс істеген. 1955 жылы маңызды шешім қабылданып, жаңа мәдениет ошағының құрылысы басталды.

1961 жылы дәстүр мен өнердің мекеніне айналған мәдениет сарайы  үлкенге де, кішіге де құшағын кең жайып, есігін айқара ашты. Ең алғашқы директоры – Татьяна Баклушина болса, одан кейінгі жылдарда А.А. Петухова, В.Е. Гайдук, С.И. Корниенко, Л.Р. Пашко, М.С. Сорокин, Алешкова Татьяна Викторовна басқарды. Бүгін директорлық қызметте - Майра Оразгазыновна Кульджабаева.

1990 жылдардың соңында мәдениет ошағы қиын кезеңдерді басынан өткерді. «Ақырын жүріп, анық бас — еңбегің кетпес далаға» демекші, мәдениет сарайының жұмысы  байыппен әрі жүйелі түрде ілгерілеп жатты. 1999 жылы атауы «Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығы» КМҚК болып өзгертіліп, 2000 жылдары директорлық қызметке Михаил Степанович Сорокин  тағайындалды. Ол күрделі уақыттан алып шығып, материалдық-техникалық базаны нығайта түсті. Әрі мәдениет үйіне жаңа леп сыйлады.

 Өнер бар жерде – өмір бар. 65 жылда – орталық  айрықша түрленді. Оның өнерлі өнерпаздар қатары артып, бүгінгі таңда халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі байқауларда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Мұның бәрі – еселі еңбектің нәтижесі.

Бұрын көркемдік жетекші болып қызмет еткен, бүгінде құрметті зейнет демалысында болса да өнерді жан тәнімен сүйетін Бахыт Тажинина мәдениет ошағын тек ең ізгі, ең асыл сөздермен сипаттайды. Оның айтуы бойынша:

«Мәдениет саласында жұмыс істегенде жүрегің әрдайым рухани қанағат табады. Кент тұрғындары іс-шараларға қатысқанда бойымызды қуаныш сезімі кернейді. Олардың жылы күлкілері мен шынайы қошеметтері әрқашан шабыттандырады. Біздің мәдениет сарайын салған сәулетші Э.Меликов туралы ерекше айтқым келеді. Өйткені мәдениет сарайымыздың сәулеттік келбеті көздің жауын алады. Мүмкін, Қарағанды облысы бойынша баламасы да жоқ шығар. Шетелден, Санкт-Петербург пен Мәскеуден келген қонақтарымыз мәдениет сарайымыздың сәулетін көргенде таңданысын жасыра алмайды.

Сондай-ақ, Сорокин Михаил Степанович жайлы да айтқым келеді. Ол біздің орталықтың дамуына зор үлес қосты. Оның келуімен көркемөнерпаздар ұжымдарының жұмысы жанданып, шығармашылық қызмет қарқынды түрде қолға алынды».

Ширек ғасыр бұрын Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында кинематография бағыты дамыған. Ол уақытта сұраныста ие болып, келушілердің санында шек болмады. Тіпті, орталықта Анатолий Ильиннің жетекшілігімен цирк үйірмесі жұмыс істеген. Дандерфер Людмила, Бугунбаева Майраның бастамасымен «Детство» ансамблі құрылды. 1969 жылы мәдениет саласындағы көркемөнерпаздар үйірмесінде еңбек еткен жандардың бірі – Носкова Нина Владимировна халық аспаптар оркестрінің жетекшісі болды. Ол балаларды домбыра, балалайка, баянда және басқа да аспаптарда ойнауға үйретіп, олардың шығармашылық қабілетін дамытты. Кейін балалар бөлімін де қоса алып, жас өнерпаздарды тәрбиелеуді жалғастырды. Бірнеше жылдан соң, Нина Владимировна Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығына директордың орынбасары болып тағайындалды. Өз естелігінде ол бір кездері мәдениет ошағының қабырғасында АХАЖ бөлімінің салтанатты іс-шаралары өткізіліп, жас отбасылардың ең бақытты сәттеріне куә болғанын ерекше ықыласпен еске алады.

Ал 2001 жылдан бастап Валентина Акимовна Зоринаның жетекшілігімен балалар фольклорлық тобы мен «Русская песня» (қазіргі «Актасские зори») ардагерлер хоры өз қызметін бастады.

2002 жылы Рымтай Отарқызы Сейтқазинаның демеушілігімен «Ақ шаңырақ»  қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын жаңғырту бойынша қоғамдық этномәдени бірлестігі, 2009 жылы Михаил Степановичтың қолдауымен «Якташлар» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі ашылды. Сол жылы Саран қалалық мәслихатының депутаттарымен бірлесе мәдени орталық ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 Енді бірі білсе, бірі білмес, бұрын талай концерттік бағдарлама мен қойылым ұйымдастырылған киелі сахнаның төбесі ашылып, ашық аспан астындағы көріністі тамашалауға болған. Сонымен қатар,  кино және театр өнерінің абызы Асанәлі Әшімов, атақты ресейлік театр мен кино актері Эммануил Виторган секілді тағы басқа танымал тұлғалармен кездесулер өткен. 

Бүгінде Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығы шығармашылыққа серпін беретін 8 үйірме мен 24 әуесқой бірлестікті біріктіріп отыр. Мұнда драма, қазақ және орыс тілдеріндегі вокал бағыттары, «Актасские зори» хоры, домбыра үйірмесі және ең үлкен шығармашылық ұжым – «Томирис» би ансамблі жемісті еңбек етуде. Мәдениет ошағының директоры Майра Кульджабаеваның айтуы бойынша, заманауи мәдени-сауық орталығының басты мақсаты — тек концерттер ұйымдастырумен шектелу емес, жан-жақты дамыған, көпфункционалды рухани-әлеуметтік кеңістікке айналу. Қазіргі негізгі бағыты — әрбір тұрғынға өзіне қызықты іс таба алатын қолайлы орта қалыптастыру. Онда жаңа таланттарды ашуға мүмкіндік беретін, кент тұрғындарын біріктіретін рухани мекен ретінде іс-шаралар халықтың барлық жас ерекшеліктерін қамти отырып, жүйелі түрде өткізіледі. Мемлекеттік және ұлттық мерекелер, жобалар мен байқаулар, әлеуметтік және қайырымдылық шаралар, ұлттық-мәдени орталықтардың жобалары, сондай-ақ демалыс және спорттық бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралардың барлығы кент өмірін жандандырып, мазмұнын байытуға елеулі үлес қосуда.

- Мәдениет ошағында 65 жылдың ішінде көптеген өзгерістер орын алды. Күрделі жөндеуден өтті, қосымша бөлмелер қосылды. Қосымша өнерпаз ұжымдары ашылды. Әрбір ұжымға сахна киімдері тігілді, музыкалық аспаптар сатып алынды. Сонымен қатар, биыл мерейлі мерейтойға орай керемет, үлкен концерттік бағдарлама жоспарлап отырмыз. Әрі ансамбльдер арасында аймақтық хореография байқауын ұйымдастырғымыз келеді. Атап өтпеске болмайды, осы жылы шығармашылық ұжымдарымыздың бірі – «Актасские зори» ардагерлер хорына – 25 жыл болмақ. Қазір хорымыз республикалық байқауға қызу дайындық үстінде. Биыл «халық хоры» атағын алсақ нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар «Томирис» би ансамблі «Үлгілі би ансамблі» мәртебесін алу үшін көп еңбек етуде. Бұл енді, әзірге осы жылға қойған мақсатымыз. Әлбетте, одан бөлек, өзіміздің дәстүрлі іс-шараларымызды, жоспарға сай мерекелік бағдарламаларды өткізетін боламыз, - деді Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева.

Уақыт бір жерде тоқтап тұрмайды. Қазірдің өзінде өнер ұжымының жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Заман ағымына сай өзгеріп, дүлдүл жарыстардан топ жарып жүр. Жыл сайын үлкен мақсат қойып, биік белестерді бағындыруда алдарына жан салмайды. 2025 жылды алғанның өзінде  «Қарлығаш» әуесқой бірлестігінің мүшесі Қайыржан Нұрсұлу «Әпипә» татар халық әнін орындап, облыстық фестивальдің дипломанты атанды. Сол бірлестіктің қатысушысы Қаштаева Ұлту «Алтын микрофон – 2025» XXI халықаралық вокалистер байқауының жүлдегері болды. «Томирис» би ансамблі «Танцуй! Новогодний сезон» атты республикалық би марафонына қатысып, нәтижесінде үлкен тобы гран-при жүлдесін иеленсе, кіші тобы І орын алды. Сондай-ақ,  «Томирис» би ансамблінің кіші тобы «Шабыт – 2025» шығармашылық фестиваль-байқауында І орынмен марапатталды.

Сонымен қатар, орталықта әрдайым атадан-балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптардың  сақталуына ерекше зерделілікпен көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 2025 жылы «Ақ шаңырақ» қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жаңғырту жөніндегі қоғамдық этномәдени бірлестігі ұлы ақын, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Әнді сүйсең, менше сүй» байқауының жеңімпазы атанды. Халық арасындағы әуесқой әншілердің өнерін елімізге танытқан, «КТК» телеарнасында көрсетілген ауқымды «Кел, шырқайық!» жобасында  «Ақ шаңырақ» қазақ халқының әдет-ғұрып салт-дәстүрін жандандыру этномәдени қоғамдық бірлестігінің «Ақ әже, аталар» вокал тобының құрамынан құралған «Шамшырақ» фольклорлық ансамблі 1-орынды иеленді.

- Осы 65 жылдың арасында Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында өте көп буын тәрбиеленді. Қазіргі уақытта 9 көркемөнерпаз  ұжымында шамамен 203 адам бар. Бүгінде жастардың өнерге деген көзқарасы бұрынғыдан өзгерек, бірақ олардың ынтасы өте жоғары деп санаймын. Жастар — біздің ең талапшыл әрі ең талантты көрерменіміз бен қатысушымыз. Олардың жаңашылдыққа құштарлығы бізді де үнемі дамуға, ізденуге мәжбүрлейді. Жастар бар жерде — өнердің болашағы жарқын деп ойлаймын, - деді Майра Кульджабаева.

Уақыт өткен сайын талғам өзгерсе де, халықтың шынайы өнерге, жанды дауысқа және мәдениетке деген махаббаты шексіз.

Бүгінде орталық тұрғындарды қызықтыру мақсатында іс-шараларды заманауи дизайнмен және креативті видео-анонстар арқылы ұйымдастырады. «Instagram», «TikTok» және «YouTube» платформаларында онлайн-концерттер, челлендждер мен тікелей эфирлер жиі өткізіледі. Бұл тәсілдер орталықтың дамуында жаңа, заманауи бағыттарды көрсетеді. Сонымен қатар, шығармашылық ұжымның тәрбиеленушілері елдің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етуде. Тіпті, бұрын қонақ ретінде келген жандар бүгінде мәдениет ошағының өркендеуіне атсалысып, қызмет етіп, жас ұрпақ тәрбиелеп отыр.

- Менің шығармашылық өмірім осы жерден басталды. Бала кезімде кинофильм көру үшін осында баратынмын. Сол кезде бірнеше жылдан кейін «Жұлдыз» вокалдық тобының жетекшісі болып қайта оралатынымды білмедім. «Жұлдыз» вокалдық тобы 2008 жылы құрылды. Вокалдық топпен қатар фольклорлық топ та бар. Осы жылдар ішінде мұнда көптеген жас орындаушылардың таланты ашылып, олар сахнада өзін еркін ұстауды, музыканы терең сезінуді, дәстүрді құрметтеуді және өз өнерлерін мақтанышпен таныстыруды үйренді. Мен ұжым жетекшісі ретінде балалардың бойынан өзімді көремін — дәл сол толқу, дәл сол сахна алдындағы қобалжу. Балалардың толқуының сенімділікке ұласқанын, қобалжудың дауыс күшіне айналғанын, таланттың біртіндеп ашылып келе жатқанын көремін,-  деді «Жұлдыз» вокалдық тобының жетекшісі И.М.Лебединская.

«Жұлдыз» вокалдық тобында барлық сабақтар тегін өткізіледі. Онда балалар тек ән айтып қана қоймай, музыкалық аспаптармен сүйемелдеп ойнауды да үйренеді. Жетекшілері И. М.Лебединская 2024 жылы Астана қаласында өткен «МЕGА» республикалық байқауда 1-орынмен марапатталған. Ал балалар болса 2023, 2025 жылдары Қарағанды қаласында болған  «Новые имена» облыстық байқаудың, 2024 жылы «Еркетай» облыстық балалар конкурсының, 2023 жылғы облыстық патриоттық ән байқауының жүлдегері. Сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулардан да бақтарын сынаған.

Фольклорлық топтың балалары болса 2023 жылы «Ложечки» әнімен халықаралық вокалдық байқауда І дәрежелі дипломант атанса, 2025 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына арналған видеоролик байқауында ІІ дәрежелі марапатқа ие болып, естелік кубоктармен марапатталған.

 «Жақсы адамның жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, соңғы жылдары Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының қызметкерлері елді мекендерді аралап, концерт беріп, бір жағынан қайырымдылық іс-шараларға белсене қатысып келеді. Ұжым мүшелерінің кең жүрегі, жомарттылығы мен ақ пейілі ешкімнің қөңілін қалдырмайды. Әсем әндерімен, өнерімен көптің жүрегінен орын табуда.

- 2011 жылы Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Алешкова Татьяна Викторовна мені «мәдени ұйымдастырушы» ретінде жұмысқа шақырды. Мен өзімді бар жүрегіммен жұмысқа арнадым. Маған көп нәрсе үйрену, жаңа дағдыларды игеру және тәжірибе жинау керек болды, бұл жолда маған әріптестерім Татьяна Викторовна Алешкова және Тажинина Бахыт Жумабековна  көп көмектесті. Мәдени-сауық орталығының барлық шығармашылық топтарының жетекшілеріне ерекше алғыс айтамын. Олар менің бастамаларымды әрқашан қолдады. Біздің ынтымақты командамыздың арқасында барлық іс-шаралар - концерттер, би кештері, байқаулар мен фестивальдер - жарқын, түрлі-түсті және жоғары деңгейде өтті. 2024 жылдың ақпан айынан бастап Ақтас мәдени-сауық орталығын Кульджабаева Майра Оразгазыновна басқарып келеді. Оның басшылығымен мекеме өткен жылдардағы ең жақсы дәстүрлерді сақтап, жаңа қызмет салаларын ашып, тұрақты түрде өсіп келеді. Нысанды нығайтуға, клубтық топтарды кеңейтуге, шығармашылық топтарды қолдауға және барлық жастағы тұрғындардың өзін-өзі тануы үшін жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде,- деп атап өтті Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының әдіскері Альфия Метхатовна.

Көненің көзі, асылдың сынығы болған арда азаматтар — бүгінгі буынға өнеге, ертеңге аманат. Рухани орданың өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңгендердің есімі ешқашан ұмытылмайды. Жасаған еңбектері, айтқан сөздері әрдайым есте сақталмақ. Оған дәлел ретінде, 2025 жылы Саран қаласының Құрметті азаматы, «Ақ шаңырақ» қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайта жандандыру этномәдени қоғамдық бірлестіктің ашылуына демеуші болған, аяулы ана, асыл әже Рымтай Отарқызы Сейтқазинаны еске алу мақсатында, туған күніне орай мәдениет ошағында естелік бұрышы ашылды. Шығармашылық ұжымдар мен бірлестіктер әрдайым бірлікті берік ұстап, бірін-бірі қолдап, әр жеңіске бірге қуана біледі. Бұл — жылдармен шындалған, баға жетпес асыл қасиеттердің бірі, өзіне тән ерекшелігі.

- Біздің ұжымның бірлігі мен рухын сақтап келе жатқан — өнерге деген шексіз махаббатымыз, бір-бірімізге деген сенімділік. Біз үлкен бір отбасымыз. Үнемі ізденіс үстіндеміз, әр маманның еңбегін бағалаймыз. Мен үшін бұл мәдениет ошағы — жай ғана жұмыс орны емес, бұл менің екінші үйім деп те айтуға болады. 2024 жылдан бастап осы мәдениет ошағының табалдырығын аттаған сәттен бері, бұл киелі шаңырақ менің тағдырыммен біте қайнасып кетті. Бұл жер — менің шабыт алатын, жан дүнием демалатын қасиетті мекенім. Болашақтың жаңа мүмкіндіктері тоғысқан киелі шаңырақ. Мұнда біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына өнер нәрін егеміз. Сондықтан бұл мекеменің әрбір жетістігі мен үшін үлкен мақтаныш. Мен үшін мәдениет орталығының болашағы —уақытпен бірге өзгеріп, үнемі жаңарып отыратын, бірақ өзінің басты құндылығы — адамға деген сүйіспеншілігі мен өнерге деген адалдығын жоғалтпайтын қасиетті шаңырақ.  Біздің бүгінгі еңбегіміз — сол жарқын болашақтың іргетасы. Мен Ақтас мәдениет үйінің әрқашан жаңа жұлдыздарды жағатын, халықтың жүрегінен орын алатын мәңгілік рухани орда болатынына сенемін, - деді Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының  директоры Майра Кульджабаева.

Мәдениет үйі — бұл тек ғимарат қана емес, елдің рухани жүрегі, халықтың өнері мен дәстүрін сақтайтын, жаңа таланттарды тәрбиелейтін, қауымдастықты біріктіретін киелі мекен. Жанға жылу сыйлай арқылы мұнда әрбір тұрғын өз талантын аша алады, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұлықтап, шығармашылық шеберлігін шыңдайды. Ұжымның еңбегі әрдайым елге рухани азық болып, тұрғындардың жан дүниесін байытады. Алдағы жылдары да Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының ұжымына зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Өнер мен мәдениеттің отын өшірмей, жаңа белестерге жете беріңіздер. Әрбір жаңа күн шығармашылық шабыт пен жемісті еңбектер әкелсін!

Дина Әбдіғалиева