Бүгін: 09.04.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

26 наурыз күні Саран қаласының әкімдігінде қалалық мәслихаттың ХХХІІІ сессиясының күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша материалдарды қарау мақсатында тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.

Отырысқа қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары, депутаттар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде ең бірінші болып қалалық білім бөлімінің басшысы Ғалия Тохметованың «Қарағанды облысы білім басқармасының «Саран қаласының білім бөлімі» ММ басшысының 2025 жылғы жұмысы және 2026 жылға арналған жоспарлары туралы» мәселесі бойынша дайындаған баяндамасы тыңдалды.

Білім бөлімінің басшысы Ғалия Тохметованың айтуы бойынша, бүгінгі таңда қала мектептерінің 85%-ы жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықталған, сонымен қатар мектептер физика, химия және биология кабинеттерімен 100% қамтамасыз етілген. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Білім ордалары интерактивті панельдермен бірте-бірте жабдықталынуда. Соңғы екі жылда олардың саны 95-тен - 145 бірлікке дейін өссе, биыл санын 151 бірлікке дейін арттыру жоспарлануда. Күрделі жөндеу жұмыстары да жоспарға сай жалғасатын болады. Осыған орай отырыста депутаттар тарапынан бірнеше мәселе көтірілді. Әрі кадрлық ресурстармен қамтамасыз етілуіне, мемлекеттік тілде тәрбиелейтін топтардың болуына, қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйіне, оқушылардың жетістіктеріне қатысты сұрақтар қойылды.

Кейін «Сарантеплосервис» ЖШС бас директоры Сабит Жансагимовтың ««Сарантеплосервис» ЖШС-нің 2025 жылғы жұмысы және 2026 жылға арналған жоспарлары туралы» баяндамасы тыңдалды. Іс-шара барысында жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелеріне, оның ішінде жергілікті қазандықтардың, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының, автостанция ғимаратының және коммуналдық павильонның жұмыс істеуіне ерекше назар аударылды.

Одан бөлек күн тәртібінде «Бюджет, экономика, кәсіпкерлік, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2025 жылғы есебі туралы», «Коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, экология және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2025 жылғы есебі туралы», «2023-2025 жылдары депутаттық сауалдарды орындау туралы», «Саран қалалық мәслихатының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы 20 сессиясының «Саран қаласы әкімдігінің жанындағы үйлестіру кеңестерінің, қалалық комиссиялардың, қалалық кеңестердің дербес құрамдарын бекіту туралы» № 264 шешіміне өзгерістер енгізу туралы», ««Саран қаласы және Ақтас кенті бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» Қарағанды облысы Саран қалалық мәслихатының 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № 571 шешімінің күші жойылды деп тану туралы» мәселелер қаралды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА