«Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында атауы ерекше, көңілді әрі тапқырлыққа толы «Twix – тәтті жұп» байқауы ұйымдастырылды.
Оған «Әуен» вокалдық студиясының білім алушыларынан және Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттерінен құралған 5 жұп қатысып, ән айту қабілеттерін паш етті.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, бұл байқаудың мақсаты – жас өнерпаздардың сахналық мәдениеті мен эстетикалық талғамын қалыптастыру және арттыру.
Атауы қандай ерекше болса, оның кезеңдері де өзгеше басталды. «Тәтті танысу» деп аталатын бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, ортақ қызығушылықтарымен бөліссе, «Өнерлі жұп – өнегелі жұп» кезеңінде өнерлері тамашаланды. Әрі ән айту шеберліктері де сыналды. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, сахнаға шыққан әрбір жұп бір-біріне тірек болып, шығармашылық қабілеттерін көрсете білді.
- Байқау барлық вокалды сүйер қауым үшін нағыз мереке болғанына қуаныштымыз. «Әуен» студиясының қатысушылары көрермендерге жарқын көріністер сыйлап, өз таланттарын көрсетті. Біз олардың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Таймуханова Зере и Тогторхан Аяулым байқаудың жеңімпаздары атанды. Орталық командасы іс-шараның жоғары деңгейде өтуі үшін барлық күш-жігерін жұмсап, қатысушылар мен көрермендерге конкурстың атмосферасын тамашалауға қолайлы жағдай жасады. Қазылар алқасы тек вокалдық қабілеттерді ғана емес, сонымен қатар әртістік шеберлікті, сахнада өзін ұстай білу қабілетін де бағалады — мұның бәрі бұл байқауды ерекше ете түсті. Біз «Twix – тәтті жұп» байқауы жыл сайынғы іс-шараға айналатынына сенімдіміз және біздің сахнада жаңа талантты вокалистерді көруге әрқашан қуаныштымыз, - деді «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы» КМҚК бұқаралық бөлімнің меңгерушісі Инна Ленц.
Қазіргі уақытта «Әуен» вокалдық студиясының жетекшісі - Шаймұрат Сәлдет. Қатысушылар жетекшілерімен бірге байқауға тыңғылықты дайындалып, эстрадалық жанрдағы алуан түрлі әндерді орындаған.
Жаза кетейіек, «Әуен» вокалдық студияның негізігі бағыты – балаларды эстрадалық ән айту өнеріне баулу, дауыс қою шеберлігін жетілдіру, сондай-ақ әртүрлі тілдерде ән орындауға үйрету болып табылады.
Ендігі кезекте ұйымдастырушылар орталық қабырғасында бастау алған өнер сайысын қалалық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





