Бүгін: 06.05.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының мәдениет үйінде Қарағанды облысына қарасты колледж студенттері арасында  «Қыз тәрбиесі - ұлт тәрбиесі» облыстық байқауы өтті.

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» студенттік Парламентінің ұйымдастыруымен өткен бұл байқауға жан-жақтан 11 ару қатысуға бел буған.

«Мен-қазақтың қызымын» деп аталатын бірінші кезеңде әрбір ару өзін-өзі таныстырса, «Ғашықтың тілі-тілсіз тіл...» кезеңінде өлең, жыр және монолог оқудан сыналды. Ал байқаудың «Ақылы асқан дария...» деп аталатын үшінші кезеңі бірден екі бағытты қамтыған. Ең алдымен тарих пен әдебиетке, салт-дәстүрлерге қатысты сұрақ-жауап жүргізілсе, келесі бағытында қыз тәрбиесіне қатысты мақал-мәтелдердің мәнін ашу мен түрлі жағдаяттарды шешу болған. Сондай-ақ, «Қыз еркем, өнерімен көркем» атты соңғы кезеңде өз өнерлерін ортаға салған.

Сахнаға шыққан әр ару өзіндік ерекшелігімен, қайталанбас қырларымен бір-бірінен асып түсті. Әділ қазы алқасының мүшелерінде болған: қалалық мәдениет үйі директорының м.а. Жұлдыз Меней, Қарағанды көлік-технологиялық колледжінде тарих пәнінің оқытушысы, әдіскері Аяжан Калиева, Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің ТЖ жөніндегі директордың орынбасары Лаура Амангельдиева, балалар өнер мектебінің актер өнері сыныбының оқытушысы Айжан Сағындық, балалар өнер мектебінің дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы Жазира Асанова әр қатысушының бойындағы дарынын, шығармашылық қабілетін, сахнада өзін ұстау шеберлігін жоғары бағалады. Олар тек жеңімпазды анықтаумен шектелмей, төрт кезеңге дайындалған барлық арудың еңбегіне лайықты баға шығарып отырды.

Сұлулық пен нәзіктік, ұлттық құндылықтар дәріптелген байқаудың нәтижесі бойынша Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенті Амина Рымбекова жеңімпаз атанды. Жерлесіміз - Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенті  Дильназ Рустамова «Сән сүйіктісі» номинациясында топ жарды.  Келесі «Қыз тәрбиесі - ұлт тәрбиесі» бауқауы Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің қабырғасында өтетін болады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА