Бүгін: 06.05.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

18 сәуір күні Саранда жалпыұлттық қозғалыс аясында «Таза аула» акциясы өтті.  Акция аясында қаламыздың белсенді тұрғындары қоршаған ортаны тазалап, аулаларын ретке келтіруге атсалысты.

Қалалық мәдениет үйінің дыбыс операторы Анатолий Узуноглоның жинақы ауласы алыстан көз тартады. Үйдің алдынан гүл отырғызуға арналған әдемі композицияларды, подъездің ішінде әйнектен жасалған мозаиканы көруге болады. «Біз бұл үйге 2000 жылдары көшіп келдік»,- дейді Саран қаласының тұрғыны. Сөйтіп бірте-бірте подъездің ішін ретке келтіре бастаған ол кейін ауланың сырт-келбетіне кіріскен. Көршілер де қолдауын көрсетіп, абаттандыру жұмыстарына үлестерін қосты. Қазірдің өзінде де қалалық сенбіліктерден бөлек, көршілер жеке сенбіліктерге шығып тұруды әдетке айналдырған. «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, басқа ауланың көршілері де өз кіреберістерін таза ұстап, айналадағы тәртіпке ерекше мән беретін болған.

Сондай-ақ, «Таза аула» акциясында скверлерде, аллеяларда тазалық жұмыстары жүргізілді, әрі кейбір аулаларда орналасқан балалар алаңдары ретке келтірілді. Сынған элементтер дәнекерленіп, бояу жұмыстары атқарылды. Бұл игі  іске қала түрғындары мен жастары белсене қатысып, қоршаған ортаға деген жанашырлықтарын көрсете білді.

Аулалардың бірінде қала тұрғыны Әділхан Кенешкалиев экологиялық мәдениетті насихаттау мақсатында пластик бөтелкелер әкелген және ауланы тазалауға үлес қосқан балаларға тегін балмұздақтар таратты.

Сонымен қатар, Саран қаласында рұқсатсыз пайда болған қоқыс орындары бірте-бірте тазартылуда. Қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және экологиялық тазалықты сақтауға бағытталған бұл жұмыстар «Таза аула» акциясында да жалғасын тапты.

«Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі берген мәліметіне сүйенсек,  сол күні қала аумағында 10 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылды. Шамамен 150 тонна қоқыс шығарылды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА