9 маусым күні Саран қаласы әкімінің орынбасары С.Бейскеев көп балалы аналарды марапаттады.
Салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары С.Бейскеев көп балалы аналардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, жеті баланы тәрбиелеп отырған аяулы ана Е.Соловьёваға «Алтын алқа» және алты баланың ардақты анасы С.Базарханға «Күміс алқа» алқасын табыс етті.
Шара барысында марапат иелеріне гүл шоқтары беріліп, жылы лебіздер айтылды. Аналар да өз тарапынан өздерінің қуаныштарымен бөлісіп, отбасы құндылықтарына ерекше тоқталды.
- Балаларыммен бақыттымын. Аллаға шүкір, алты балам бар. Үлкенім – мұғалім, кішкентайымыз – 1 жастан асты. Ана бақытын ерекше бағалаймын, - деді Саран қаласының тұрғыны С.Базархан.
«Алтын алқа» алқасының иегері атанған, жолдасымен бірге төрт ұл мен үш қызды тәрбиелеп отырған Е.Соловьёва өзінің балалық арманы орындалғанын айтты. Сондай-ақ, жарасымды жанұяда мереке күндері ғана емес, күнделікті өмірде де барлығы бір дастарқан басына жиналып, қуанышты сәттерді бірге бөлісу дәстүрге айналған.
- Мен кішкентай кезімнен 7 баламның болғанын армандайтынмын. Менің әжем бес баланы өсірген. Бүгінде арманым орындалды, - деді көп балалы ана.
Ата-ананың ұрпақ тәрбиесінде алар орны ұшан-теңіз. Оның ішінде аналардың еңбегі – өлшеусіз. Олардың ел демографиясын дамытуға қосқан үлесі мен бала тәрбиесіндегі еңбегі әрдайым құрмет пен қошеметке лайық болары сөзсіз.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





