
Жаздың алғашқы күндері сүйінші хабармен басталды. Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласындағы «Sokol» спорттық-сауықтыру лагерінің базасында «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» халықаралық байқау-фестивалі өтіп, онда балалар өнер мектебінің шәкірттері мен шығармашылық ұжымы жарқын жетістіктерімен қуантты.
«ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» халықаралық байқау-фестивалі осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып, жан-жақтан талантты қатысушылардың басын біріктіруде. Саран қаласының балалар өнер мектебінің дарынды оқушылары мен шығармашылық ұжымы үнемі ізденіс жолында жүріп, өз бағын сынап келеді. Былтыр осы халықаралық байқау-фестиваліне қатысып, жүлделерге ие болса, биыл да жоғары жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, Қарағанды облысы мен Саран қаласының мерейін асқақтата түсті.
-Бұл байқау ең алдымен Қазақстанның барлық қалаларында өтеді. Кейін іріктелініп халықаралық байқау-фестиваліне жолдама беріледі. Осы жолдама бойынша биыл біз Ташкентке бардық. Негізі оған дейін Алматыда, Стамбулда, Түркістанда және Қырғызстанда болдық. Дайындығымыз жақсы болды. Биыл Өзбекстанға барғандықтан «Шабыт» домбырашылар ансамблі Құрбановтың «Навои шаркін» ойнады. «Рух» домбырашылар ансамблі «Кари - навои» деп аталатын өзбек халық әнін орындады. Ал Болат Нұрәлі жеке орындауда Қаршыға Ахмедьяровтың «Той» күйін ойнап берді. Біз міндетті түрде бағдарламамызды ауыстырып отырамыз. Әр жыл сайын басқа туындыларды апаруға тырысамыз. Балалардың қуанышында шек болмады. Әсіресе, енді ғана қанаты қатып келе жатқан «Рух» домбырашылар ансамблінің домбырашыларының шабыты тасып, қызығушылығы екі есеге артты. Сонымен қатар, қолдау көрсеткен ата- аналарымызға көп рақмет, - деп атап өтті балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы Гүлмира Абжатова.
Тыңғылықты дайындықтың арқасында ансамбльдер арасында «Шабыт» домбырашылар ансамблі (жетекшісі: Абжатова Г.С.) жоғары нәтижеге қол жеткізіп, Гран-при жүлдесіне ие болды. Ал «Рух» домбырашылар ансамблі (жетекшісі: Абжатов К.Х.) және «Мұрагер» домбырашылар ансамблі (жетекшісі: Токсанова И.К.) I дәрежелі жүлде иегері атанды. Солистер ішінен Болат Нұралі Гран-при жеңіп алса, қобызда әсем ойнаған Қажымұрат Көркем және хореографиясымен ерекшеленген Сапарова Жамиля I дәрежелі орынмен марапатталды.
Өнерді насихаттап жүрген балалар өнер мектебінің оқушылары мен ұжымын елеулі жетістіктерімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз бен бағындырар белестеріңіз көп болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








