
Саран қаласында бес кезеңнен құралған кроссфиттен командалық жарыс өтті. Әр кезеңнен сүрінбей өткендер ғана жеңіс тұғырынан көріне алды.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, 26 маусым – Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күні. Осы күнге орай және «Заң мен тәртіп» аясында «Сұңқар» стадионында кроссфиттен командалық жарыс өтті. Онда 4 команда өзара мықтыны анықтады. Әр жұп жеңіске деген жігері мен ұйымшылдығын көрсетті.
- Бұл жердегі біздің басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттай отырып, тұрғындарды барынша осы спорт түрімен таныстыру, - деді Саран қаласы спорт орталығы директорының орынбасары Рустам Даденбеков.
Тағы бір ескере кететін жайт, қатысушылар әр кезеңде қандай жаттығу түрлері болатынын алдын ала білмеген. Бұл спорт түрінде кез келген жаттығуға сақадай сай дайын болу керек. Талап сондай. Ең бастысы – жаттығуларды жылдам, нақты, әрі дұрыс орындау. Ал оның барлығы бас төреші мен көмекші төрешілердің басты назарында болды.
Жарыстың нәтижесі бойынша «Беркут» командасы 4-орынмен, «Достар» командасы 3-орынмен, «Инь-Ян» командасы 2-орынмен және «Твикс» командасы 1-орынмен марапатталды. Жүлдегерлерге кубоктар мен медальдар және «Sham Sport» дүкенінен арнайы дайындалған естелік сыйлықтар табысталды.
Редакциядан









