
Сүйінші! Саран қаласында тағы бір көпбалалы ана мемлекеттік наградамен марапатталды.
3 тамыз күні Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев салтанатты түрде Қызылорда қаласының тумасы, Саран қаласының тұрғыны Анар Жуматаеваны «Күміс алқа» алқасымен марапаттады.
Анар Жуматаева жолдасымен бірге моншақтай төрт қызды, нар тұлғалы екі ұлды тәрбиелеп отыр. Айрандай ұйыған шаңырақта отбасылық дәстүрлер берік сақталады. Мерекелерді, туған күндерді бірге қарсы алып, бір дастарқан басында жиналу – игі дәстүрге айналған. Балалардың тәлім-тәрбиесіне аса көңіл бөлінеді. Марапат иесі өзі айтқандай: «Алты баланың мінезі – әртүрлі. Сондықтан олармен сырласа білу керек». Үйдің тұңғышы – 15 жаста болса, кенжесі – 1 жастан асты.
- Саран қаласына көшіп келгенімізге 10 жыл боп қалды. Қала өзімізге ұнайды, үйреніп қалдық. Он жылда көп жетістікке жетіп жатырмыз. Балаларымызға «үлкенге - құрмет, кішіге - ізет көрсетіп жүріңдер, бір-біріне қамқор, мейірімді болыңдар» деп жиі айтамыз, - деді көпбалалы ана.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







