Бүгін: 07.08.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жаңа оқу жылының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Қазірден бастап ата-аналар балаларын жаппай мектепке дайындауға кірісіп кетсе, оқушыларын тағатсыздана күтіп жүрген білім ордалары іші мен сыртын көріктендіріп, білім алуға жайлы орта қалыптастыру үшін аянбай еңбек етуде.

Осы аптаның сейсенбісінде Дубовка кентінде орналасқан жалғыз білім ордасы – No2 жалпы білім беретін мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып қайттық. 400 оқушыға арналған, 34 кабинеті бар үш қабатты мектептің ішінде айтарлықтай өзгерістер орын алуда.

Өткен жылы бастауыш сынып оқушыларына арналған бес кабинет заманауи жабдықтармен жабдықталып, жөндеуден өтсе, биыл бірінші қабаттың сол қанатындағы ескі тақтайшалардан құралған едені заманға сай етіп керамогранитпен төселді. Төбесі мен қабырғалары да ұқыпты сыланып, ерекше түрлене түскен. Жұмыстың көп бөлігі артта қалса да, мектеп директоры Айман Рахимжанова басынан-аяғына дейін барлығын өз қадағалауында ұстайды. Ендігі кезекте, жаңа оқу жылы басталғанға дейін асхана мен шығармашылық кештерге толатын акт залдың жөндеу жұмыстарын сәтті аяқтау күтілуде.

- Біздің мектепке Дубовка, кіші Саран және 106 кенттерден балалар келіп білім алады. Кіші Саран және 106 кенттерден келетін білім алушыларға тегін автобус қарастырылған. Қазіргі уақытта мектебімізде 200 оқушы бар. Биыл акт залымыз жаңартылып жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, бұрын болмаған жаңа сахнамыз болады. Бұл мектепте өтетін мәдени іс-шаралардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, асханамызды да жөндеудеміз. Ішін толықтай жаңа жабдықтармен жабдықтауды жоспарлаудамыз, - деді мектеп директоры.

Тарихы терең, талай дарынды түлектерді түлетіп ұшырған білім ордасы үшін әр мүмкіндік, әр сәт бағалы. Оқушылардың сапалы білім алуы, заманауи жабдықтармен қамтылуына ерекше мән берілген. Былтыр жаңа 10 интерактивті панель сатып алынды. Бірте-бірте кабинеттердің іші де реттелінуде. Мәселен, осы жылы жоғарыда аталған жөндеу жұмыстарынан бөлек, екінші қабатта орналасқан 6 кабинет жаңартылмақ.

Мектеп директоры Айман Рахимжанова атап өткендей, No2 жалпы білім беретін мектебі – Дубовка кентінің орталығында орналасқан білім мен тәрбие ордасы.

«Алдағы жоспарларымыз бен тың идеяларымыз көп. Біз әрбір оқушыға сапалы білім беріп, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз. Баршаңызды мектебімізде білім алуға шақырамыз. Сіздерді әрдайым қуана қарсы аламыз. Біздің есігіміз әрқашан ашық!», - деді мектеп директоры.

Мектептің басты жетістігі – білімді, дарынды оқушыларында. Сондықтан да, оқушылардың білім алуына тиімді жағдай жасау – мектептің басты міндеттерінің бірі болмақ.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА