
Саран қаласында Спорт күніне орай түрлі спорт түрлерін қамтыған ауқымды спартакиада өтті.
14 тамыз күні «Сұңқар» стадионы спорт сүйер қауым мен жанкүйерлерге толды. Себебі дәл сол күні Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен қалалық спорт орталығы қызметкерлерінің ұйымшылдығының арқасында бір мезетте салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылды.
Футбол алаңының кіреберісінде балалар ұзындыққа секіруден бақталасса, алтыбақан жақта асық атудан жарыс өткізілді. Дәл соның қасында ашық аспан аясында орналасқан киіз үй макетінде Саран қаласының белгілі суретшісі Қайрат Кожуховтың «MONARBAT» арт-галереясы мен Саран қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің «Спорт – сұлулық және денсаулық» тақырыбындағы кітап көрмесі ел назарына ұсынылды. Сахнада ырғақты әуенге ілескен қала тұрғындары зумба биін билеп, көтеріңкі көңіл мен сергектілік сыйлай түсті.
Мерекелік атмосфера осымен тоқтаған жоқ. Қол күрестен, теннистен, шахматтан, тоғызқұмалақтан да тартысты жарыс өтті. ММА спортшылары болса, жекпе-жек барысында қолданылатын әдіс-тәсілдерді көрсетіп, өз шеберліктерін ортаға салды. Стритбол алаңында да тартысты бәсеке өрбіді.
- Биыл біз Спорт күнін ауқымды түрде өткіздік. Қаламыздың жастары белсенді. Осы спартакиададан бөлек, басқа да қалалық, облыстық спартакиадаларға жыл сайын қатысып тұрамыз. Осы тақауда Балқаш қаласында «Арай» спартакиадасы болды. Оған да команда жинап, барып қайттық. Қалалар арасында жалпы командалық есеп бойынша төртінші орын алдық. Оның алдында қыздар арасында спартакиада болды. Оған да барып қайттық. Мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спартакиада болды, қалалар арасында, одан біз үшінші орын алдық, - деп атап өтті Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мұхаммедрахым Арнешов.
Қалалық спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталар мен медальдармен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








