
Саран қаласында Қарағанды облысы Полиция департаментінің бөлімшелері арасында шағын футболдан облыстық біріншілік өтті.
14 тамыз күні «Сұңқар» стадионының футбол алаңына Қарағанды облысының түкпір-түкпірінен келген полиция қызметкерлері жиналып, өзара мықтыны анықтау үшін спорттық додаға түсті. Байрақты бәсекеде облысқа қарасты әр өңірінен 23 команда күш-жігері мен шапшаңдылығын сынға салды.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қарағанды облысының ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Мугманов спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, сонымен қатар тәртіпті, табандылықты және командалық рухты қалыптастыратынын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік пен жоғары нәтижелерді тілек етті. Келесі болып сөз алған Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының дене шынықтыру және спорт жөніндегі көмекшісі, полиция подполковнигі Жомарт Толеукенов барша жиналғандарды Спорт күнімен құттықтап, Саран қаласының ПБ бастығы Ержан Ыбырайға Қарағанды облысы ПД «ARLAN» спорт клубынан сый-сияпаттарды табыс етті.
- Саран қаласында полиция қызметкерлері арасында өтіп жатқан бұл дода — Шымкент қаласында өтетін ҚР ІІМ чемпионатына іріктеу кезеңі. Былтыр да Саран қаласында өткізілді. Негізінде біз салауатты өмір салтын насихаттауға арналған әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырып тұрамыз, - деді Саран қаласы ПБ ақпараттық-саясат тобының инспекторы Жұлдыз Джумашева.
Жасыл алаңда әр команда жеңіске деген жігерін көрсетіп, табандылықтың үлгісін танытты. Нәтижесінде кілең мықтылар арасынан Қарағанды облысы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлерінен құралған команда 1-орынға, ПД оқу-жаттығу взводы 2-орынға және Абай ауданының ПБ командасы 3-орынға ие болды. Сонымен қатар, жақсы ойын өрнегімен көзге түскен полиция қызметкерлері «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» номинацияларымен марапатталды. Жүлделі орын иегерлеріне медальдар мен грамоталар табыс етілді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА






