Бүгін: 07.09.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жаздың жайма-шуақ кешінде «Сұңқар» стадионының алаңы ән мен биге бөленіп, жастардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйі айналаны ерекше жандандыра түсті.

12 тамыз күні – Халықаралық жастар күнінде әрбір сәт жастардың талғамы мен қызығушылығына сай етіп жасалды. Саран қаласының жастар ресурстық орталығы барынша бұл күнді есте қаларлықтай етіп өткізуге атсалысты.

Іс-шарада Саран қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Танирберген барша жиналған қауымды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, қала өміріне белсене қатысатын жастарға алғысын жеткізді.

Бірінші рет Саран қаласына Қарағанды қаласының өнерпаздары келіп, өнер көрсетті. Олардың қатарында, жастар арасында танымал DJ Dauka, Шырақбек, Ерден, Almachino болды. Сонымен қатар, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп жүрген «ВАЙНАХ» би ансамбін де сахнадан көрдік.

-Бүгінгі іс-шараға ат үсті қарамай, қаламыздың жастары үшін бар күшімізді салып дайындалдық. Себебі – жастар күні күнде бола бермейді. Қаламыздың жастарын Жастар күнімен шын көңілден құттықтаймыз! Жастар – еліміздің ертеңі, еліміздің болашағы. Сол үшін де жастарымызға бар жақсылықты тілегім келеді,- деп атап өтті Жастар ресурстық орталығының басшысы Айым Қанапиянова.

«JASTAR DAY – 2026» деп аталған кеште жүргізушілер жастармен тілдесіп, блиц-сауалнама алды. Саран қаласына қатысты сұрақ-жауап ойының ойнатып, дұрыс жауап бергендерге естелік сыйлықтарды табыстады.

Кештің ең қызықты әрі көңілді сәттерінің бірі — көбікті сабынды кеш болды. Кішкентай қала тұрғындары мәз-мейрам болып, сахна алдын қуанышқа бөлеп жіберді. Одан бөлек, ашық аспан астында жарқын сәттерді бірден суретке басып шығаратын фотоаппарат құрылғысы орнатылды. Әдемі естеліктер үшін ұзын-сонар кезек жиналды. Тұрғындармен бірге көңілді анимациялық кейіпкерлер де жүріп, суретке түсті. Түрлі ойындар ұйымдастырылып, концерттік бағдарламаның соңы би кешіне ұласты.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА