Бүгін: 07.09.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – Абай Құнанбайұлының осы бір тағылымды сөзі адамзат баласын өзара құрмет пен түсіністікке үндейтін терең ойдың көрінісі.

Бүгінгі таңда қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау мәселесінде бұл қағиданың мәні ерекше. Әсіресе жас ұрпақтың бойына өзге адамның көзқарасы мен сеніміне құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру – заман талабы.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституцияда адамның ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік берілген. Сонымен бірге мемлекет барлық азаматтардың құқықтары мен заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді. Осы қағидаттар қоғамдағы өзара құрмет пен келісімнің құқықтық негізін қалыптастырады.

Дінаралық сыйластықты қалыптастыру – қандай да бір дінді насихаттау немесе белгілі бір діни көзқарасты таңу емес. Оның негізгі мәні – әр азаматтың заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, өзге адамның сеніміне төзімділік таныту және қоғамдық ортада өзара түсіністік орнату.

Бұл ұстаным әсіресе жастар арасында маңызды. Себебі қазіргі жас буын – ақпараттық технологиялар дәуірінде өсіп келе жатқан ұрпақ. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде пайдалы ақпаратпен қатар, қоғамда алауыздық туғызатын, діни төзбеушілікті күшейтетін немесе жастардың дүниетанымына кері әсер етуі мүмкін материалдар да кездеседі. Сондықтан жас азаматтың кез келген ақпаратты саралап, оның мазмұны мен мақсатын сыни тұрғыдан бағалай білуі қажет.

Жастардың діни сауаттылығын арттырумен қатар, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру да маңызды. Өз құқықтары мен міндеттерін білетін, заң талаптарын құрметтейтін және өзгенің құқығына нұқсан келтірмеуді түсінетін жас қоғамдағы тұрақтылықтың белсенді тірегіне айналады.

Мемлекет жастардың әлеуетін дамытуға, олардың сапалы білім алуына, қоғамдық өмірге белсенді араласуына және азаматтық жауапкершілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Бұл ретте жастармен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру және тәрбиелік жұмыстардың мазмұны заманауи талаптарға сай болуы қажет.

Жастарға діни тақырыптарды түсіндіру кезінде ең алдымен зайырлылық қағидаттары, заң талаптары, ар-ождан бостандығы және қоғамдық келісім құндылықтары түсіндірілуі тиіс. Түрлі пікірлерге құрметпен қарау, пікір қайшылығын өркениетті диалог арқылы шешу, арандатушылық сипаттағы ақпаратқа ермеу – қазіргі азаматқа қажетті маңызды дағдылар.

Бұл бағытта отбасы мен білім беру ұйымдарының рөлі де айрықша. Баланың дүниетанымы ең алдымен отбасында қалыптасады. Ал мектеп пен басқа да білім беру ұйымдары оның әлеуметтік және азаматтық көзқарасының дамуына ықпал етеді. Сондықтан ата-ана, педагог, қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдардың өзара ынтымақтастығы жастар тәрбиесінің нәтижелілігін арттыра түседі.

Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Оның мәні – қоғам мүшелерінің барлығы бірдей ойлауы емес, әртүрлі пікір мен көзқарасқа қарамастан, ортақ мақсат жолында біріге білуінде. Қазақстанның тұрақты дамуы да осындай өзара түсіністік пен жауапкершілікке негізделеді.

Бүгінгі жастар – елдің ертеңгі саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріне белсенді араласатын азаматтар. Сондықтан олардың бойында құқықтық сауаттылықпен қатар, қоғамдық жауапкершілік, мәдениетаралық және дінаралық диалогқа құрмет қалыптастыру – маңызды міндет.

Жастармен жұмыс жүргізудегі басты ұстанымдардың бірі – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, жастардың заң мен зайырлылық қағидаттарын түсінуіне ықпал ету және деструктивті идеялардың таралуына жол бермеу.

Бұл ретте профилактикалық жұмыстың тиімділігі тек өткізілген іс-шаралардың санымен емес, жастардың санасына қаншалықты әсер еткенімен бағалануы тиіс. Жастардың сұрағына жауап беру, олардың пікірін тыңдау, ашық диалог құру – қазіргі ақпараттық қоғамдағы ең тиімді тәсілдердің бірі.

Дінаралық сыйластық – қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудың маңызды шарттарының бірі. Оны жас ұрпақтың санасына сіңіру – тек мемлекеттік органдардың емес, отбасы, білім беру ұйымдары мен бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Өзгені құрметтеу, заңды сақтау, қоғамның тұтастығын бағалау және ел болашағына жауапкершілікпен қарау – саналы азаматтың басты қасиеттері.

Жастардың бойында осындай құндылықтар орныққан жағдайда ғана біз өзара түсіністікке негізделген, тұрақты әрі біртұтас қоғам құра аламыз.

Г. Ханафина,

«Саран қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ-нің бас маманы,

ақпараттық-түсіндіру

тобының мүшесі