
Саран қаласы бойынша Құрылтай сайлауы қалай өтті? 23 тамыз күні таңғы 07:00-ден бастап, қалаға қарасты 20 сайлау учаскесінде ҚР Әнұраны орындалып, алғашқы дауыс берушілерді қабылдай бастады.
Сол күні қала тұрғындарымен бірге Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте орналасқан №241 учаскеде өз таңдауын жасап, дауыс берді.
Саран қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Әбілдиннің айтуы бойынша, сайлау учаскелерінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері мен партиялардан тіркелген бақылаушылар дауыс беру барысын бақылап, сайлаудың ашық әрі талаптарға сай өтуін қадағалады. Барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру үдерісі кешкі сағат 20:00-де аяқталды.
Сондай-ақ, Саран қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың өз дауыс беру учаскелеріне еркін әрі қауіпсіз жетуіне мүмкіндік беретін «Инватакси» такси қызметі ұйымдастырылды. Одан бөлек, қаладағы барлық маршруттық автобустар жолаушыларға тегін қызмет көрсетті. Жылы әрі жайлы орта қалыптастыру мақсатында сайлау учаскелерінде әсем әуендер ойнап тұрды. Алғаш рет дауыс берген азаматтар мен балаларға арнайы шағын сыйлықтар табысталды. Қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы болса, бірқатар сайлау учаскелерін аралап, тұрғындарға концерттік бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар, кейбір сайлау учаскелерінде жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





