
Саранда «Тіл-FEST» фестивалі аясындағы тағы бір ауқымды іс-шара өтті. Осы жолы басты назарда – білім беру, медицина мен құқық саласының қызметкерлері болды.
21 тамыз күні Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қабырғасында «Кәсіби салалар күні» – Pro Qazaq Day іс-шарасы өткізілді. Бұл кездесуде бірден үш сала мамандарының басы қосылды. Қатысушыларға Теміртау қаласынан арнайы келген тәжірибелі спикерлер қызмет барысында мемлекеттік тілдің қолданылу аясы туралы айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
-Біз бірінші рет осындай көлемде медицина мен құқық саласының өкілдерін жинап жатырмыз. Оған дейін өзіміз барып түсіндірме жұмыстарын жүргізетінбіз, - деді қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханова.
Іс-шараның модераторы «Kemel Keleshek» жастар ұйымы төрағасының орынбасары Арман Бейсекеев микрофон тізгінін қолға алып, қатысушыларды спикерлермен таныстырғаннан кейін, алғашқы сөзді Теміртау қаласынан келген білім беру саласы бойынша спикер Баян Мамитоваға берді. Ол өз сөзінде, білім беру саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесіне тоқталып өтсе, келесі болып сөз алған Теміртау қаласының көпсалалы ауруханасының өкілі Абай Ыбырайымбек медицина саласында қазақ тіліне қаншалықты көңіл бөлінетіні туралы айтты. Сонымен қатар, арнайы осы іс-шараға Қарағанды облыстық Т.Г. Шевченко атындағы «Рідне слово» украин тілі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталия Ерёменко қатысты. Ол «Тілге құрмет – елге құрмет» деген ұстанымды алға тарта отырып, қалай қазақ тілін меңгергенін, тіл үйренуде отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын атап өтіп, құқық саласында мемлекеттік тілдің рөліне тоқталды.
Басынан-аяғына дейін спикерлердің ой-пікірін мұқият тыңдаған қатысушылар да өз әсерлерімен бөлісті, көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады.
- Осындай шараның бір мүшесі болғаныма, келгеніме қуаныштымын. Өзіме көп нәрсе түйдім, көп әсер алдым және алдағы уақыттағы бағыт-бағдарымды айқындап алдым, - деді Саран қаласы ПБ ақпараттық-саясат тобының инспекторы Жұлдыз Джумашева.
Тағылымды іс-шара соңында, Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханова іс-шараға арнайы шақырылған спикерлерді орталық атынан Алғыс хаттармен марапаттап, ізгі тілегін жеткізді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА






