Бүгін: 13.09.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев көпбалалы ана Захарова Виктория Валерьевнаны «Күміс алқа» алқасымен марапаттады.

Бұл – алты баланың аяулы анасы үшін ерекше қуаныш сыйлаған алғашқы марапат. Жолдасы екеуі бала тәрбиесіне бей-жай қарамай, перзенттеріне тағылымды тәрбие мен өнегелі жол көрсетуге бар күш-жігерін салуда.

Үйдің тұңғыш баласы бүгінде 18 жаста. Қазір ата-анасына қолқанат болып, «Sunpaper» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істеп жүр. Ал отбасының кенжесі бір жастан бір ай асты.

- Балаларыма жиі жақсы көретінімді айтып отырамын. Бір дастарқан басында отырып, тамақ ішуге тырысамыз. Жаңа жыл мен балалардың туған күндерін міндетті түрде атап өтеміз. Шағын отбасылық дәстүріміз десек те болады, - деді Виктория Валерьевна.

Алты баланың қызығы мен қуанышын қатар көріп отырған бұл отбасы үшін бірге өткізген әр күн ерекше, бағалы. Кез келген ата-ана секілді, олар да балаларының амандығын, денінің саулығын және болашағының жарқын болуын тілейді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА