Бүгін: 19.09.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдер күні. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің, қуаттысы – тіл», деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

«Тілдер туралы» заң 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданданғанмен, мереке 1998 жылдан бастап тойланды, сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды.

Алайда жиырма жылдан кейін атаулы мерекенің күні өзгеріп, 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Бұл күнге ауыстырудың себебі, 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, сондықтан 2018 жылдан бастап қыркүйек айының 5 күні болып белгіленіп мерекелене бастады.

Содан бері 5 қыркүйек - Қазақстан халықтарының тілдері күні.

Бұл мереке мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, елімізде тұратын барлық этностардың тілдік байлығын, мәдени әралуандығын сақтау және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен мәдениетін дамытуға бағытталған.

Мереке аясында республика көлемінде ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар, әдеби кештер, кітап көрмелері және түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл шаралар қазақ тілін насихаттауға, тіл үйренуге қызығушылықты арттыруға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған. Тілдер күні аясындағы іс-шаралар білім беру ұйымдарында, мемлекеттік мекемелерде және мәдениет орындарында өткізіліп, ана тілін құрметтеу мен көптілділікті қолдау идеяларын насихаттайды. Мақсаты - көпұлтты елдің тұтастығын сақтау, қазақ тілін дамыту және тарату, жас ұрпақтың бойында өз халқының да, елде тұратын басқа ұлттардың да мәдениеті мен дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыру.

Қазіргі таңда қазақ тілін үйреніп жүргендердің саны жылдан жылға артып келеді, олардың арасында өзге ұлт өкілдері де баршылық.

Мемлекет тарапынан да қазақ тілінің қолданыс кеңістігін кеңейтуге бағытталған жағдайлар жасалып жатқанмен қоса, қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz», «Ana tili» қосымшалар жұмыс жасайды және тіл мәдениетін арттыру үшін түрлі байқаулар жыл сайын өтуде.

Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ - мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыру мемлекеттің ғана емес, барша қазақ халқының міндеті, себебі тіл - қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі болып табылады.

Тіл - ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу - өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс.

Г. Омарова,

Саран қалалық

сотының судьясы