
1 қыркүйек күні Саран қаласының білім бөліміне қарасты барлық мектеп ошақтарында алғашқы қоңырау соғылып, жаңа 2026-2027 оқу жылы басталды.
Биыл бірқатар білім ошағы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, оқу жылына сақадай сай болуға қызу дайындалды. Сондай мектептердің бірі – Дубовка кентінде орналасқан №2 жалпы білім беретін мектебі.
Биылғы алғашқы қоңырау бұл білім ордасы үшін ерекше қуанышпен басталды. Жаңа оқу жылында мектеп оқушыларын жаңарған бірінші қабат, жаңа акт залы мен жөндеуден өткен жайлы асхана қарсы алды. Одан бөлек, екінші қабатта орналасқан 6 кабинет жаңартылды. Мектеп директоры Айман Рахимжанова барлығын өзі мұқият қадағалап, жаңа оқу жылын тың серпінмен бастады.
1 қыркүйек күні мектеп алаңы әдеттегіден түрлене түсті. Зор қошеметпен білім әлеміне алғаш қадам басқан бірінші сынып оқушылары шақырылды. Салтанатты іс-шарада білім беру саласының ардагері Дина Кнутова, Саран қаласының білім бөлімінің әдіскері Жадыра Бектибаева және мектеп директоры Айман Рахимжанова мектеп оқушыларын жаңа оқу жылымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Кеше ғана өздері алғаш аттаған мектеп табалдырығын бүгінде іздерін басып келе жатқан кішкентай өрендерге жол ашқан жоғары сынып оқушылары бүлдіршіндерге жүрекжарды тілектерін арнады. Олар да өз тараптарынан тақпақтарын мәнерлеп тұрып айтып, үлкендердің ықыласына бөленді. Бұл айшықты сәт тек оқушыларды ғана емес, сонымен қатар ұстаздар мен ата-аналарды да ерекше толғандырды. Осылайша, алғашқы қоңыраудың сыңғыры естіліп, сынып сағатына кезек берілді.
P.S.: Барлық оқушыға жаңа оқу жылында толағай табыс, биік белестер мен жарқын жетістіктер тілейміз. Ұстаздардың еңбегі жемісті болып, дарынды, білімді, өнерлі шәкірттері көп болсын. Білім күні құтты болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







