Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығының заңды нәтижесі. Тәуелсіз мемлекет құрудың басты шарттарының бірі – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция – мемлекеттіліктің берік іргетасы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі және тәуелсіздіктің негізгі тірегі. Қазақстанның конституциялық даму тарихы тәуелсіздік жылдарындағы саяси-құқықтық өзгерістермен тығыз байланысты.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы Конституциясын 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылдады. Бұл құжат егемен Қазақстанның жаңа мемлекеттік-құқықтық жүйесінің негізін қалады. 1993 жылғы Конституцияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы бекітілді. Аталған Конституция өтпелі кезеңнің ерекшеліктерін ескере отырып қабылданған алғашқы конституциялық акт ретінде тарихи маңызға ие болды. Алайда мемлекеттік билік жүйесін одан әрі тұрақтандыру және жаңа қоғамдық қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеу қажеттілігі 1995 жылы жаңа Конституцияның қабылдануына алып келді.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекеттің негізгі заңы ретінде Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесінің тұрақты дамуына негіз болды. Конституция Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық деп таныды. Сонымен қатар халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде белгіленіп, биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну қағидаты бекітілді.
1995 жылғы Конституцияның ерекшелігі – оның өзгермейтін негізгі конституциялық қағидаттарды сақтай отырып, қоғамның даму талаптарына бейімделуі. Оған әр жылдары бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл реформалар мемлекеттік билік органдарының өзара қатынасын жетілдіруге, азаматтардың саяси қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталды.
Қазақстанның конституциялық тарихындағы жаңа кезең 2026 жылы басталды. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Ата заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне еніп, осы күннен бастап 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтатылды. Осылайша, жаңа Конституция тәуелсіз Қазақстанның конституциялық дамуының келесі тарихи кезеңін қалыптастырды.
Жаңа Конституцияның қабылдануы – мемлекеттің құқықтық жүйесін қазіргі қоғамдық қатынастарға сәйкестендіру бағытындағы маңызды қадам. Оның мазмұнында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру, азаматтардың мемлекет басқаруына қатысуын қамтамасыз ету сияқты құндылықтарға ерекше мән беріледі. Жаңа Конституция Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығын негізгі конституциялық құндылықтар ретінде бекітеді. Сонымен бірге адам капиталы, білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыттары ретінде айқындалған.
Конституцияның маңызын тек мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін құқықтық құжат ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ата заң – азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершіліктің құқықтық негізі. Мемлекет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға міндетті болса, азаматтар Конституция мен заңдарды құрметтеп, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға үлес қосады. Сондықтан конституциялық мәдениет пен құқықтық сауаттылықты арттыру – тәуелсіз мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі.
Қорыта айтқанда, 1993 жылғы Конституция – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы конституциялық қадамы, 1995 жылғы Конституция – мемлекеттің тұрақты құқықтық жүйесінің негізін қалаған тарихи құжат, ал 2026 жылғы жаңа Конституция – Қазақстанның қазіргі даму кезеңіне бағытталған жаңа конституциялық негіз. Олардың арасындағы сабақтастық еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік-құқықтық эволюциясын көрсетеді. Ата заң – мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, халықтың еркіндігі мен егемендігінің көрінісі. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – тәуелсіздікті құрметтеу, ал оның қағидаттарын сақтау – Қазақстанның болашағына деген жауапкершілік. Ата заң берік болған жерде мемлекеттілік те баянды, тәуелсіздік те тұғырлы болады.
М.М. Батталов,
Саран қалалық
сотының судьясы





