Қазіргі таңда вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі ғылыми дәлелденген әдістерінің бірі болып табылады. Ол адамның ағзасында белгілі бір инфекцияға қарсы иммунитет қалыптастыру арқылы аурудың пайда болу қаупін төмендетеді, сондай-ақ оның ауыр өтуі мен асқынуларының алдын алады.
Вакцинацияның арқасында адамзат тарихында бірқатар қауіпті аурулар толық жойылып немесе айтарлықтай азайды. Атап айтқанда, шешек (оспа) ауруы толығымен жойылды, ал полиомиелит, қызылша, көкжөтел сияқты инфекциялар бақылауға алынды.
Вакцинация тек жеке адамның денсаулығын қорғаумен шектелмейді. Ол қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Халық арасында вакцинация деңгейі жоғары болған жағдайда ұжымдық иммунитет қалыптасады. Бұл өз кезегінде инфекцияның таралуын шектеп, әсіресе иммунитеті әлсіз адамдарды, жүкті әйелдерді және жас балаларды қорғауға мүмкіндік береді.
Вакцинация – жұқпалы ауруларға қарсы қорғаудан тиімді және экономикалық тұрғыдан пайдалы. Біздің елімізде ҚР Ұлттық күнтізбесіне сәйкес 20 жұқпалы ауруларға қарсы, ақысыз түрде иммундау жүргізіледі. Екпелер жасына сәйкес медициналық ұйымдарда немесе жалпы білім беру мектептерінде, мектепке дейінгі ұйымдардың арнайыландырылған кабинеттерінде, ата – аналардың рұқсатымен жүзеге асырылады.
Соңғы кезде профилактикалық екпелерден бас тарту мәселесі жиі көтерілуде. Босанғаннан кейін аналар жаңа туылған нәрестеге екпе салу қажеттігімен бетпе-бет қалады. Көптеген аналар екпеден кейін мүмкін болатын әсерлерді естіп, екпеден мүлде бас тартады.
Екпелер – балаға қамқорлық көрсетудің ең маңызды жолдарының бірі болып табылады. Өкінішке орай көп жағдайда ата – аналар қандай жұқпалы ауруларға қарсы не себепті, қашан және қай мерзімдерде баланы қорғау қажеттігін білмейді. Ал балаға жоспарлы екпе салдыратын уақыт келгенде, ата – аналарда вакцинаның қауіпсіздігіне қорқыныш пен күмән пайда болады. Кейбірі вакцинаның тиімділігіне сенбей, балаға зиянын тигізеді деп қорқады.
Вакцинациядан бас тарту немесе оның деңгейінің төмендеуі жұқпалы аурулардың қайта таралуына әкелуі мүмкін.
Егер ата-аналар баланы вакцинацияламауды шешсе, онда олар оған вакцинацияланбаған мәртебенің нені білдіретінін түсінуі керек. Микробтар мен вирустарға толы әлемге мүлдем қорғалмаған нәресте шыққан кезде, оның анасы мен әкесі иммундық жүйені нығайту үшін қосымша шаралар қабылдауға және санитариялық-гигиеналық ережелерді қатаң сақтауға міндетті, өйткені кез-келген бұзушылық инфекцияға әкелуі мүмкін.
Қолданыстағы вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық талаптарға сәйкес көпсатылы клиникалық зерттеулер арқылы дәлелденеді. Сонымен қатар, олардың сапасы мен қауіпсіздігі тұрақты түрде бақылауда болады.
Вакцинация – бұл тек жеке таңдау ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы жауапкершілік. Әрбір азаматтың вакцинацияға саналы көзқарасы жалпы халықтың денсаулығын сақтауға ықпал етеді.
Денсаулық – басты құндылық. Оны қорғау – әркімнің міндеті.
«Саран қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ





