Саран қаласының спорт орталығына қарасты Ақтас кентінің дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылғаннан бері түрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылуда. Таяуда ғана әуесқой азаматтар арасында үстел теннисінен ашық турнир өтті.
Саран қаласының спорт орталығы директорының орынбасары Рустам Даденбековтің айтуы бойынша, ашық турнирге 20 шақты қатысушы қатысып, спорттық шеберліктері мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Бағалау олимпиадалық жүйе бойынша өтті.
Шапшаңдылық пен ептілікті талап ететін бұл спорт түрінде тартысты бәйге, достық сыйластық орын алды.
- Теннис ойынынан өткен жарыс маған өте жақсы әсер қалдырды. Жарыс барысында қатысушылардың шеберлігі, жылдамдығы, ептілігі және жеңіске деген жігері ерекше байқалды. Әр ойын тартысты өтіп, спортшылар өз мүмкіндіктерін барынша көрсетуге тырысты. Бұл жарыс мен үшін тек бәсеке ғана емес, тәжірибе жинақтап, жаңа спортшылармен танысып, өз шеберлігімді шыңдауға үлкен мүмкіндік болды. Жарыс кезінде сабырлы болудың, қарсыласты құрметтеудің және соңына дейін күресудің маңызын түсіндім. Жарыс маған көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, спортқа деген қызығушылығымды одан әрі арттырды. Осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылып, жастардың спортпен белсенді айналысуына мүмкіндік берілгені өте жақсы деп ойлаймын, - деп өз әсерімен бөлісті бас жүлде иегері Арман Байхадамов.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА






