Бүгін: 19.10.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ұстаздар күніне арналған салтанатты шарада ұлағатты ұстаздар ұлықталды.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Саран қаласы әкімі аппаратының басшысы Ақылбай Нагидулла құттықтау сөз сөйлеп, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан бірқатар ұстазды білім беру жүйесіндегі адал еңбегі үшін Саран қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Келесі болып сахнаға көтерілген Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова педагогтер мен білім беру саласының ардагерлерін құттықтай келе, білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі мен педагогикалық қызметте шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, біліктілік танытқан ұстаздарға Қарағанды облысы білім басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті. Ардагер ұстаздар атынан білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Қайырбек Омаров сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.

- Ұстаз болып істегеніме 40 жыл болады. 1975 жылы мектеп іргесін бітіріп, сол жылы Нұра ауданы, Көбетей ауылында «аға-вожатый» болып істедім, одан кейін оқуға түсіп, оқу бітіріп, жоғары оқу білімін алып, содан Саран қаласына келдім. Осы Саран қаласында 30 жылдай жұмыс істеп келемін... Ұстаздарды төл мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт, ұзақ өмір, еңбектеріңіздің жемісін көріп, жақсы шәкірттер шығаруларыңызға тілектеспін, - деп білім беру саласының ардагері Бархыт Зейнуллина Байшина пікірін білдірді.

Сонымен қатар, салтанатты шарада сөз алған «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының Саран қалалық» филиалының төрағасы Әйгерім Мәуленқызы ұстаздарға зор денсаулық тілеп, елеулі еңбегімен көзге түскен педагогтерді Қарағанды облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.

«Білім» атты жергілікті білім беру қызметкерлерінің кәсіптік одағының бас маманы Динара Бекежановна болса, білім беру саласында қызметі жоғары бағаланған бір топ ұстазға Қарағанды облысы білім басқармасының Құрмет грамотасын, «ҰЛАҒАТ» білім беру және ғылым ұйымдарының қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ұйымының төсбелгісі мен алғыс хатын, «Білім» білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төсбелгісі мен Алғыс хатын табыстады.

- Мен бұл салада, бір мектепте 37 жыл жұмыс істеп келемін. Осы жылдар ішінде халықаралық, республикалық, және қалалық байқауларда бірнеше рет лауреат атанған домбырашыларды тәрбиелеп шығардым. Ата-аналардың қолдауымен Мәскеуде, Чехияда, Қырғыстанда, Өзбекстанда болып, жүлделі орындарға ие болдық. Құрметті ұстаздар төл мерекеміз құтты болсын! Шәкірттеріміз көп болсын, - деп тілегін білдірді балалар өнер мектебінің домбыра сыныбы бойынша оқытушысы Гүлмира Абжатова.

Салтанатты мараттау сәт аяқталған соң, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары ұстаздарды мерекесімен құттықтап, әсем әнге кезек берілді. Сырлы саз бен әуезді әуен мерекелік шараның көркін келтіріп, музыкалық шығармалар көпшіліктің көңілін тербеп, ерекше әсер сыйлады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА