Бүгін: 02.11.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

15 қазан күні «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық-орталығының залында Рухани келісім күніне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Оған «Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы» Қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігінің төрағасы Дмитрий Полтаренко, Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Танирберген, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Тлекбаев, діни бірлестіктердің, этномәдени қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ақсақалдар, ардагерлер және аналар кеңестерінің, қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, жастар көшбасшылары мен қала мектептерінің президенттері қатысты.

18 қазан – Рухани келісім күніне орай, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, өзара құрмет пен түсіністікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында ел бірлігі мен татулығы кеңінен дәріптелді. «Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы» Қауымдастығы» ЗТБ және Қарағанды облысының Медиация кеңесінің төрағасы Дмитрий Полтаренко өз сөзін «Мың алғыс!» деген игі тілекпен бастай келе, елдегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға үлес қосқан барша азаматқа ризашылығын білдірді. Әрі жарқын болашақтың негізі – бірлік пен татулық екенін атап өтті. Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Тлекбаев та бірлік пен ынтымақты алға тартып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталды.

Дөңгелек үстелдің қатысушылары кезекпен-кезек ізгі тілектерін білдіріп, бір шаңырақ астында достық пен сыйластық, өзара құрмет әрдайым салтанат құрып, әр шаңырақта шаттық пен тыныштық орнай беруін тілек етті.

- Бүгінгі кездесуде әріптестерімізбен пікір алмасамыз деп ойлаймын, себебі бәріміздің ортақ тілегіміз - еліміздің аспаны әрдайым ашық болуы. Біз өз жұмысымыз, кездесулеріміз, түрлі мәдени іс-шаралар арқылы бейбітшілік, өзара түсіністік пен құрмет идеяларын насихаттаймыз. Барлығымыздың мақсатымыз бір – Қазақстанның бейбіт ел болуын қалаймыз, - деді «Якташлар» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Альфия Святоха.

Іс-шара соңында Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Танирберген қатысушыларды қоғамдағы бірлік пен рухани келісімді сақтауға және дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін Саран қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА