Саран қаласының полиция бөлімінің мұражайы Қарағанды облысының Ішкі істер органдары және Ішкі әскер Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Жұман Қалиұлы Нүрпейісовтің нысанды киімімен толықты.
Таяуда қалалық полиция бөлімінің мұражайына Жұман Қалиұлының өзі арнайы келіп кетті. Кездесуге Саран қаласының ПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қайрат Рашид Қайратұлы, ПБ Ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Ивановна Теплякова мен бөлімнің жас қызметкерлері қатысты.
Саран қаласының ПБ ақпараттық-саясат тобының инспекторы Жұлдыз Джумашева қатысушыларды қарсы алып, мұражайдың тарихынан сыр шертті. Әрі кездесудің мән-маңыздылығына ерекше назар аударып, сөз кезегін 1991-1992 жылдары аралығында Саран қаласының полиция бөлімінде басшылық қызмет атқарған Жұман Қалиұлына ұсынды. Ол өз пікірін білдіре отырып, жас қызметкерлерге жүріп өткен жолымен, көпжылдық қызметтік тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, ел тыныштығын күзетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жоғары жауапкершілік пен табандылық танытудың маңыздылығын атап өтті. Кездесу соңында Жұман Қалиұлы қатысушыларға өзінің мұражайға табыстаған нысанды киімін таныстырды.
Саран қаласының ПБ мұражайы 2021 жылы ашылғанына қарамастан, аз уақыт ішінде полиция қызметінің өткені мен бүгінін сабақтастырған ортаға айналуға үлгерді. Бес жыл ішінде іші 50-ге жуық жәдігермен толықты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА






