Бүгін: 02.11.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ақтас кентінің дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің спорт залында Республика күніне орай Ақтас кенті әкімінің кубогына арналған волейболдан турнир өтті.

Дәстүрлі турнирдің ашылу сәтінде Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Салауатты өмір салтын насихаттау, халықты дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту, сондай-ақ қатысушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізілген турнирде алты команда бағын сынап көрді.

Ойын барысы тартысқа толы болды. Командалар өздерінің шеберлігін, жеңіске деген жігерін көрсетті. Нәтижесінде «Дене шынықтыру-сауықтыру кешені» командасы жүлделі I орынға ие болып, Ақтас кенті әкімінің кубогымен және дипломмен, медальдармен марапатталды.

- Жарыс ұнады. Мұндай жарыстарға бірінші рет қатысып тұрған жоқпын. Әскери бөлімдер арасында мықты-мықты азаматтар бар екендігіне көз жеткіздім. Осы қарқында жалғастыруға дайынмын, - деп өз әсерімен бөлісті жеңімпаз команданың мүшесі Айбек Қуанышов.

Сондай-ақ, №13 жалпы білім беретін мектептің командасына II орын және №85510 әскери бөлімінің «Тұлпар» командасына III орын берілді. Оларға арнайы дипломдар мен медальдар табыс етілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА