Қазіргі әлемде радикализм мен экстремизм көптеген елдің тыныштығына қауіп төндіріп отырғаны баршамызға белгілі.
Интернет желісі және ақпарат ағыны шектен тыс күшейген заманда жастардың санасына теріс идеялардың әсер ету мүмкіндігі де арта түсті. Мұндай қауіптің алдын алудағы ең сенімді жол – тек шектеу мен жазалау емес, адамның ішкі рухани тірегін қалыптастыру. Ол тірек – ұлттық және рухани құндылықтар екені сөзсіз.
Радикализм көбіне адам өзін жалғыз, әлеуметтік тұрғыдан қорғансыз немесе өмірден мағына таба алмай жүрген сәтте тамыр жаяды. Бұл идеологияны жасаушылар осындай жандарға «жауап беретін», «топқа қосатын» жалған уәделер айтып, оларды өз ықпалына тартады. Егер адамның бойында тарихына, тіліне, дәстүріне деген сүйіспеншілік, өз ұлтының ортақ тағдырына жауапкершілік мықты болса, мұндай ықпалға түсу қиындай түседі. Яғни тамыры терең ағаш дауылдан қорықпайтыны сияқты, өз мәдениетін білетін адам да теріс идеяға оңай беріле қоймайды.
Қазақ халқы ғасырлар бойы төзімділікті, қонақжайлылықты, үлкенді сыйлауды, ар-ұятты басты қағида еткен халық. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақыл халқымыздың татулыққа берген бағасын көрсетеді. Қазақ даласында түрлі діндер мен мәдениеттер қатар өмір сүріп, бір-біріне құрметпен қарайды. Бұл – біздің тарихи тәжірибеміздегі діни және этностық толеранттылықтың нақты дәлелі. Ислам дініміздегі ханафи мазһабының байсалды, кең пейілді сипаты және Абай атамыздың «толық адам» ілімі, Яссауи бабамыздың рухани мұрасы – бәрі де адамды имандылыққа, адалдыққа, өзгеге зиян келтірмеуге тәрбиелейді.
Радикалды идеялар ұлттық болмысқа жат, өйткені олар адамды отбасынан, қоғамнан, өз халқының дәстүрінен ұзақтатып жат етеді. Сондықтан алдын алу жұмысының басты бағытының бірі – жастарға өз тарихын, дінін, мәдениетін дұрыс әрі сауатты түрде таныстыру. Діни сауаттылығы мен сыни ойлау қабілеті қатар дамығанда ғана адам кез келген «дайын жауапты» саралап қабылдайтын болады.
Бұл жұмыста отбасының рөлі ерекше орын алады. Бала алғашқы құндылықтарды үйден, ата-анасы мен ата-әжесінен алады. Одан кейін мектеп, жоғары оқу орны, мәдениет ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары жауапкершілікті арқалайды. Мұғалім мен имам, ақын – бәрі жастардың рухани қалыптасуына ықпал ететін тұлғалар. Сондай-ақ жастарды спортқа, шығармашылыққа, еріктілер қозғалысына тарту олардың уақытын босқа емес мазмұнды етуіне, өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, радикализмге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Ұлттық және рухани құндылықтарға сүйенген, өз тамырын білетін, адами қасиеттерді жоғары қоятын жас ұрпақ – ең сенімді қорған. Құндылықтары берік қоғамды ешқандай жат идея жарып жібере алмайды.
Н.Мұсабеков,
дінтанушы





